Түркістан ерекше мәртебеге ие болады
Сенаторлар бүгін тиісті заңды мақұлдады. Құжат қаладағы тарихи-мәдени мұраны қорғап, көне нысандардың бірегейлігін сақтауға бағытталған. Сондай-ақ шаһарды туристік орталық ретінде дамыту көзделген. Былтыр қалаға 1 млн адам саяхаттаған. Осы көрсеткішті екі есе арттыру жоспарланып отыр.
Түркі әлемінің астанасы саналатын Түркістанның негізі 1,5 мың жыл бұрын қаланған. Осы тарихи мекеннің келбетін сақтау бүгін Сенатта қаралған заңда жеке қамтылыпты. Енді ерекше қорғауға алынған ғимараттардан жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Түркістанның айналасында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен басқа 1760 астам ұлттық маңызы бар нысандар орналасқан. Киелі «Тайқазан» құйылған Қарнақ мекені бар. Қарнақ қалашығы өндірісі дамыған мекен болған. Ежелгі Сауранда Орталық Азиядағы алғашқы медресе, сумен жабдықтау жүйесі болған.
Депутаттар осы тарихи орындарды да қалыпқа келтіру керек деп санайды. Сонда өңірдің туристік әлеуеті артады. Құжат аясында туризм саласын дамтыуға тағы 145 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Нәтижесінде киелі шаһарға жылына 2 млн-ға дейін турист келеді деп болжануда.
Гүлмира Әзіретбергенова, экономист-сарапшы:
- Инвестиция көлемі тағы да көбейеді деген сенімдемін. Сонымен қатар кәсіпкерлердің де саны артады. Онымен бірге туристердің де саны көбейеді. Туристердің жағдайын кім жасайды? Оларға қызмет ететін халық. Халық болғанда осы жергілікті халық. Бұл біздің жергілікті халықтың баюына, экономикалық тұрғыдан көтерілуіне үлкен ықпал береді деп ойлаймын.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жаңа нормалар аясында Түркістан шаһарын еліміздің сәулет, рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретінде дамыту үшін кешенді шаралар көзделген. Мақұлданған заңдар Түркістанның жан-жақты дамуына сомды үлесін қосады деп сенеміз.
Жаңа мәртебеге ие болған қалада инженерлік, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту жалғасады. Жаңа әуе рейстарын ашу жоспарлануда. Айта кетейік, соңғы 3 жылда Түркістанда қонақ үйлердегі орын саны 1400-ге жеткен. Ал мейрамханалар мен тамақтану орындары 3, ойын-сауық орталықтары 5 есе артыпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов, Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш