Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл

  • 40
  • 29.04.2025, 18:56

Биыл қазақтың даңқты батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан қаршадай қыз ұлтымыздың мақтанышы. Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүкке арналған көркем фильм, ой-толғаулар мен әуезді әндер аз емес. Биыл олардың қатары Әлия Молдағұлованың тағдыры мен өмір жолын бейнелейтін жаңа мюзикл-спектаклімен толықты.  

Он сегіз жасында жау қолынан қаза тапқан өжет қыздың ерлігі көпшілікке мәлім болғанымен, өмір жолы қиындыққа толы. Әлия жеті жасында жетімдіктің ащы дәмін сталиндік сұрқия саясаттың кесірінен татқан. Әкесі Нұрмұхамбетті – халық жауы деп қудаласа, анасы Маржан 1933 жылы бидай масағын тергені үшін күзетші оғынан қаза тапқан. Қаршадай қыздың қасіретке толы тағдыры қойылымға арқау болмақ. 

Есләм Нұртазин, қоюшы режиссёр: 

-Ахтанов театрына, өзіне оң жамбасына келетіндей жаңа пьеса, жаңа либретта, жаңа музыканы жазып шықтық. Бұл толыққанды мюзикл. Қақтығыс-шайқастарының барлығын біз хореграфиямен, әнмен жеткіземіз.

Әлия қазақтың алғашқы кәсіби теміржолшыларының бірі, нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың қолында өскен. Әлияны алдымен Мәскеуге, кейін Ленинград қаласына оқуға түскенде өзімен бірге ерте кеткен. Батыр қыз Ленинградтағы №46 мектеп-интернатында білім алып, сұрапыл соғыс басталғанда қоршауда қалады. Бұғанасы бекімеген жасөспірім алдымен ұшқыштар курсына, кейін мергендер мектебіне өзі сұранған. Әлияның рөлін Ажар Жәрденбекқызы сомдайды.

Ажар Жәрденбекқызы, театр актрисасы:

-Маған осы мюзикл-спектаклімізде ең қатты ауыр тиетін сахна – ол Әбубәкір, нағашы ағасымен сахнасы. Өзі бағып-қақты, Нұрмұхамбеттің, әкесінің аманат етіп тапсырған қызы. Бірақ сол Әбубәкір ағамыздың айтқанын тыңдамай өзінің Отаны үшін, рухы үшін, өмірі үшін деп Әлия апамыз аттанған болатын. 
 
Әлия 1943 жылдың 23 шілдесінде соғысқа аттанған. Жарты жыл ішінде фашисттік германияның 80-ге жуық солдаты мен офицерін жойды. Қазақтың қайсар қызы 1944 жылдың 14 қаңтарында Новосокольники маңындағы Насва темір жол стансасы үшін болған ұрыста қаза тапты. Оның ерлігі көпке үлгі болды. Кіндік қаны тамған Қобда ауданының Бұлақ ауылындағы мұражай-үйге, облыстық мемориалды музейіне де қонақтар ағылып жатады. 

Жанар Мақсұтова, Ә. Молдағұлова облыстық мемориалды музейінің директоры:

-Біздерде осы мамыр айының аяғына дейін барлық күндерге кесте толық. Ол тек қана мектеп оқушылары мен студенттері ғана емес, қала тұрғындары, қонақтары.  

Мемориалды музей батырдың жүз жылдығына орай қайта жарақталды. Әлия Молдағұлованың өмір жолы туралы ақпарат жаңа технологиялардың көмегімен көрсетіледі. Туған ауылы мен қоршаудағы Ленинград, ұрыс даласын диарамалар суреттейді. Қаршадай қыздың жертөледе отырып сіңілісі Сапураға хат жазып отырған сәті, сол қан майданның ортасында тұрғандай әсер қалдырады. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов