Алматыда жыл басынан бері қаржылық алаяқтыққа қатысты 12 қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілерге 3 миллиард теңге шығын келген. Қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті күдіктілерді ұстап, олардың мүлкіне шектеу қойыпты.
Бұл туралы «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» форумында айтылды. Жалпы 4 жылда Қазақстанда 99 қаржы пирамидасы жойылған. Одан 86 мың адам зардап шеккен. Алаяқтық жасаған 226 адам жауапқа тартылған. Форумға құқық қорғау органдары, қаржы және цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары мен студенттер қатысты. Мамандар қылмыспен күресте жасанды интеллектіні пайдалануда. Банктермен келісім жасап, заңсыз қаржы айналымын жылдам анықтауға күш салып жатыр.
Сабырғали Балғалиев, Алматы қ. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда бізде бірқатар криптобиржалармен келісімдер бар. Солар арқылы олардың қаражаттарының анализін жасап, талдауын жасап, соның нәтижесінде бұл қаражаттар қайда кетіп жатыр, қай бағытта жұмсалып жатыр, мақсатты ма, мақсатсыз ба – сол салада тексеру жүргізіп отырмыз.