Орталық Азияда суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік құру – өте маңызды мәселе. Бұл тіршілік нәрін үнемдеп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өзбекстан ғалымдарының трансшекаралық суды игеруге қатысты пікірі осындай. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан су тарату учаскелерін цифрландыру мен автоматтандыруды мықтап қолға алды. Мәселе екі елдің жіті назарында.
Қазақ пен өзбектің ежелден дария бойында қалыптасқан тұрақты кәсібі бар. Тіршілік нәрімен тікелей байланысып, біте қайнасып жатыр. Сырдың жоғарғы сағасында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан да сол судың игілігін көреді. Алайда кейінгі бірнеше жылда Орталық Азиядағы мұздықтардың 30 пайызы еріп кеткен.
Равшан Назаров, су саласы бойынша сарапшы:
- Орталық Азияда су-энергетикалық консорциум құру жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бастама аймақ көшбасшыларының кеңесінде де айтылған. Сондай-ақ бұл бағыттағы проблемаларды бірлесіп шешу керектігі ұсынылған. Қазір барлық мемлекет осыған күш жұмылдырып жатыр. Дегенмен мәселе жылдар өткен сайын ушығып барады. Тау мұздықтары біз болжағаннан да тез еруде. 2030 жылға қарай Орталық Азия су жетіспеушілігінің ең күрделі кезеңіне тап болуы мүмкін. Сондықтан кей сарапшылар қауымдастығы Сібір суын аймаққа бұру жобасына оралу керектігін ұсынып отыр.
Демек, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Орталық Азияға ортақ стратегия қажет. Яғни әр мемлекет жекедара емес, бірлесіп әрекет еткені тиімді. Тағы бір маңызды міндет – су тарату учаскелерін цифрландыру. Сол арқылы мемлекетаралық каналдарға есептегіш құралдарды көбірек орнатып, нақты деректерге қол жеткізуге болады.
Тахир Маджитов, өзбекстандық «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
-Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда, біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше, оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделі болғаны қажет.
Қазір су қоймаларына бұрынғыдай ірі мөлшерде тіршілік нәрі жиналмайды. Мамандардың айтуынша, мәселеге айрықша ден қойылып, жеткілікті көңіл бөлінбесе мұздықтардың еріп кету ықтималдылығы жоғары. Жаһандық жылыну процесі салдарынан таудағы қар мөлшері де азайып, сел жүру қаупін үдете түскен.
Автор: Дулан Нуркин.