Алматы облысындағы шағын ауданда шешілмеген мәселе көп

  • 70
  • 25.07.2025, 18:55

«Бізді Алматының іргесінде тұрады» деп ешкім айтпайды. Мәселе шаш етектен. Трансформатор жекенің қолында. Оның қуаты жетпегендіктен жарық жиі өшеді. Ауызсу таза емес. Көшеде асфальт та жоқ. Түптеп келгенде, мұнда өркениет атаулының ізі жоқ». Алматы облысы Қаскелең қаласындағы 17 шағын аудан тұрғындары осылай»,– деп көмек сұрап отыр.  

Қаскелең қаласында 017 деген квартал бар. Онда 130-ға жуық тұрғын үй салынған. Алды осыдан 15 жыл бұрын келіп қоныстанған. Кейіннен жаңа үйлер бой көтеріп аумағы кеңейген. Бірақ осы күнге дейін, жарық, ауызсу, жол, қоқысты тазалау, жарық шамдарын орнату сияқты әлеуметтік мәселелер шешілмей келеді. Тұрғындардың өздері бірнеше рет әкімдікке барған. «Бірақ құр уәде беріп шығарып салады»,– деп ашынып отыр.
 
Кеңшілік Мешітханұлы, Қаскелең қаласының тұрғыны:

-Әкімдіктен келген адам проблеманы шеше алмайды. Сауатты емес. Жауап бере алмайды, 1414-тен жауап жазып отыра береді, ол бізге керек емес. Мына жерде тұрған трансформаторды бір аудан шеше алмайтын болса, бұған трансформатор күшін есептейтін, рұқсат беретін, оның қуаттылығын есептей алмайтын болса әкімдектегі мамандар не үшін отыр.

Трансформатор жекенің қолында. Оған қосылу үшін әрбір үй 400 мың теңгеден төлеген. Соның өзінде тұрақты электр энергиясына қол жеткізе алмай отыр. Жақында тариф тағы көтерілген. 

Дінмұхамед Абаев, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары:      

-Біз ол кісілермен сөйлескенбіз. Бізге мемлекетке өткізіп беруге олар қарсы. Өйткені өздеріне тиімді болып тұр ма не тағы да басқа мәселелер болу мүмкін. Біз дайынбыз мемлекетке өткізуге жарықты, электр жүйесін, егер жеке кәсіпкеріміз қарсы болмаса.

Бұл жерден қоқыс шығарылмағанына екі айдай болған. Жұртшылық өздері жекеменшік көлік жалдап тазалатуға мәжбүр. Себебі тамақ қалдығының сасығы қолқаны қауып, сыртқа шыға алмай қалған.  

Күлайша Райымбекова, Қаскелең қаласының тұрғыны

-Ауасы жақсы деп Қаскелеңнен көшіп келдік. Бірақ ерінбей көшелерді араладық, мынау енді сұмдық. Бүгін де қалаға көрейік деп шықтық. Қаланың ішінде қоқыс үйіліп, сасып жатыр.

Ал әкімдіктегілер мұның бәрін халық санының көптігімен түсіндіреді. Қаскелеңнің өзінде 90 мыңға жуық адам тұрады. «Тазалалыққа жауапты бұрынғы коммуналдық мекеме сапалы қызмет көрсете алмады. Енді басқасына бердік»,–дейді.

Дінмұхамед Абаев, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары:      

-Енді алдағы уақытта дүйсенбі күні графикқа қойылды, алдағы уақытта қадағалаймыз. Егер жұмысын істей алмай жатса, қайта конкурс жасап, басқа компания шақырамыз.

Негізгі көшеден басқа жерде жарық шамдары орнатылмаған. Ауызсудың қысымы нашар. Сапасы да күдік ұялатады. Көшенің топырағы шығып жатыр. Көктем мен күзде бала-шаға батпаққа батады. Әкімдіктегілер мұның бәрін білмейді емес, біледі. Бірақ барлық мәселені бірден шешіп тастау мүмкін емес деп, бұл жолы да «назарға аламыз» деген кезекті жауапты алға тартты.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев