Келер жылдан бастап құрылыс компаниялары қосылған құн салығын төлейтін болады. Жаңа салық кодексіне сәйкес баспананы қолданысқа беру кезінде 16% төлеуге міндетті. Бұл өзгеріс жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер етуі мүмкін?
Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары пәтерлерді сату кезінде қосылған құн салығын төлемейді. 2001 жылы баспана халыққа қолжетімді болуы үшін осындай норма енгізілген. Ұлттық экономика министрлігі қызметкерлерінің айтуынша, содан бері тұрғын үй бағасы 21 есе өскен. Енді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінде бұл жеңілдік жойылады. Нәтижесінде құрылыс компаниялары қосылған құн салығын 16% мөлшерінде төлеуге міндетті болмақ.
Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:
-Негізінен көптеген жеткізіп берушілер қосылған құн салығының болғанын қалайды. Себебі құрылыс материалдары болсын, басқасын да есепке жатқызып отырады. Бұл құрылыс компанияларына да үлкен ауыртпашылық деп айта алмаймыз. Енді осы уақытқа дейін болған жеңілдік тек қана осы құрылыс компаниялары тек кіріске бағытталған болып тұр ғой. Табысы молая берсе, ол ешқандай жеңілдетілген тұрғын үймен халықты қамтамасыз етіп отырған жоқ.
Заңнамада мұндай норманың болатыны құрылыс компанияларының басшыларымен талай рет талқыланған. Дегенмен олар енгізілетін құн салығы түптеп келгенде тұтынушының қалтасына әсер ететінін айтады.
Вячеслав Лазарев, «Қазақстан Құрылысшылары одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының директоры:
-16 проценттік қосылған құн салығының сатып алушыға тікелей әсері болады. Өйткені бұл тұрғын үйдің шаршы метрі бағасын өсіреді. Оған қоса корпоративті кіріс салығы төмендетіліп отыр. Бұрын бұл салық түрін қолданбаған серіктестіктер, компаниялар қызметі мен тауар құнын өсіруі мүмкін. Біздің болжамымыз бойынша келер жылы баға шамамен 10% көлемінде өзгереді.
Ал сарапшылар салық кодексі баспана бағасына әсер еткенімен, жиі құбылатынына сенбейді. Себебі жылжымайтын мүліктің құнын әдеттегіше сұраныс пен ұсыныс қалыптастырады. «Әрі үй салатын компаниялар шынайы бәсекелестік ортада тіпті бағаны түсіруі де мүмкін»,– дейді. Сондықтан аса дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтады.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Ипотекалық несие дегенде үш түрлі бағаға да көңіл бөлуіміз керек. Себебі үйлер элиталық болады, қарапайым болады, әлеуметтік үйлер болады. Әлеуметтік үйлер егер қалалық шеттерінде планировкасы сәл қарапайымдылау үйлер арзандауы да мүмкін осындай жағдайда. Себебі сұраныс азайғаннан кейін онда біздің жастарымыз сол үйлерге қолжетімділік болуы да мүмкін. Бұны енді Үкімет жаңағы «Отбасы банкі» арқылы бюджеттен азғантай да болса субсидия жасап арзандатса мүмкіндігі бар.
Мамандар биыл салынған үйлердегі пәтерлер толық өткізу келер жылға созылса да, жеңілдік сақталатынын айтады. Ал осы жылы 170 мыңнан астам пәтер беру жоспарланған. Тек жарты жылда 7,9 млн шаршы метр немесе 72 300 пәтер тапсырылған. 2029 жылға дейін барлық қаржыландыру есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Жалпы биыл 19 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл былтырғы рекордтық көрсеткіштен де жоғары. Астананың өзінде бүгінгі күні 200-ден астам көппәтерлі үйлер салынып жатыр. Бұл саладағы компанияларға қосылған құн салығын енгізуден өзге биыл тағы бір заңнама күшіне енбек. Ол үлескерлікті бақылауға қатысты болады.
Елімізде тұрғын үй құрылысындағы жағдай қалыпты. Әрі баспанаға қолжетімділікті арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалар жалғасын табуда.
Әнуабек Мырзатайұлы, Мейрамбек Қайыркелді