Қазақстан туризмі жаңа кезеңге қадам баспақ. Президенттік орталықта өткен жиында саланың цифрлық трансформациясы талқыланды. Оған депутаттар, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты.
Мамандардың дерегінше, соңғы төрт жылда шетелдік туристердің саны жеті есе өскен. Егер 2020 жылы елімізге 2 миллион саяхатшы келсе, өткен жылы олардың қатары 15 миллионнан асты. Ел экономикасына 1,2 триллион теңге кіріс әкелді. Сарапшылар: «Ендігі басты міндет – Президент Жолдауында айтылғандай, туристік аймақтарда инфрақұрылымды дамыту», - деп отыр.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Туризм саласында цифрлық шешімдерді енгізу қажет. Камералар орнатып, полиция қызметкерлерін дрондармен қамтамасыз ету маңызды. Қазір біз бұл бағытта алғашқы нәтижелерге қол жеткіздік. Ал қоқысқа келгенде мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл орайда қоқыс тастағандарға айыппұл енгізуді ұсынар едім. Өйткені көп азаматтар жеке жауапкершілігін сезінбейді.