Бұл тарихи оқиға азаматтық қоғамды, құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды кезең. Қоғамның белсенділігі билік пен халық арасындағы сенімді нығайтады. Кеше қалада 128 сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеді. Халық дауыс беру процесіне белсенді қатысты.
Жаңа сайлау форматы әділдік пен ашықтық принциптеріне негізделген. Тұрғындардың әкімді сайлауы жергілікті басқарудың тиімділігін күшейтеді. Бұған дейін бұл тәжірибе аудан деңгейінде сыналды. Енді қала әкімдерін де халық таңдайды. Осы тарихи оқиға Семейден басталды. Орал Шәріпбаев, қоғам белсендісі:
-Бүгін міне, 13 қазан сайлау өтті. Көңіліміз орнына түсті. Жағдайымыз пісті. Неге? Халық өз таңдауын өзі жасады. Өз сайлауын өзі сайлады. Өз әкімін өзі таңдады. Бұл не деген сөз? Бұл демократияның қарлығаштарының алғашқыларының бүгінгі Жаңа Қазақстанда орындалып жатқанының алғашқы белгісі болып табылады.
Семей – жастар қаласы. Олардың сайлауға белсенді қатысуы мемлекет дамуының жаңа сатысы. Мұндағы белсенді буын алғаш рет өткен әкім сайлауына атсалысып, қоғам жаңғыруының қозғаушы күшіне айналды.
Сернад Қалиев, қала тұрғыны:
-Біздің Абай өңірі үшін, Семей қаласы үшін тұңғыш рет біз халық болып әкімімізді таңдап жатқанымыз Бұл біздің болашақ демократиялық қоғамды қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
Семей бойынша сайлау учаскелерінде 220 мыңнан астам адам тіркелген. Аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, саяси науқан кезінде ешқандай құқықбұзушылық тіркелмеген.
Гүлжан Қуанышева, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Сайлау кезінде ешқандай құқықтық заңбұзушылық болған жоқ. Сайлау тыныш өтті. Барлық Қазақстан Республикасының сайлау заңнамаларының нормаларына сәйкес дұрыс өтті. ҚР сайлау туралы заңына сәйкес үш күн мерзімінде біз сайлаудың қорытындысын жариялай аламыз.
Қазір аумақтық сайлау комиссиясы халықтың дауысын санап жатыр. Заң бойынша саяси науқанның қорытындысы үш күн ішінде жарияланады.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков