Қоғамдық кеңес мүшелері Конституциялық реформаны талқылады

  • 335
  • 03.02.2026, 21:39

Қазақстанның жаңа Конституция жобасы уақыт талабына сай әзірленген. Құжатта ел мен жер, азаматтарға зиян келтіретін бір де бір норма жоқ. Бұл туралы Әділет министрлігінің Қоғамдық кеңес отырысында айтылды. 

Қоғамдық кеңес отырысына оның мүшелерінен өзге, белгілі сарапшылар, Конституциялық комиссия өкілдері қатысты. Ел назарына ұсынылған жаңа жобаның негізгі ерекшеліктеріне тоқталып, жан-жақты талқылады.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

- Қолданыстағы Конституцияда 10 бөлім болса, қазір 11 бөлімнен тұратын болады. Жалпы ең маңызды айырмашылығы преамбуладан басталады. Преамбулада нақты түрде «Әділетті Қазақстан» оның тұжырымдамасы, «Заң мен тәртіп» кағидасы нақты түрде ашылып отыр.

Конституцияның жаңа нұсқасы 11 бөлімнен тұратыны және ондағы мәтіннің 84 пайыздан астамы жаңарғаны бұған дейін айтылды. Бүгінгі жиында жаңа сөздер де енгені белгілі болды. Мәселен, «Ата Заң» сөзі қолданыстағы елдің басты заңдық құжатында болмаған. Сондай-ақ онда бар «қазақстандық потриотизм» «отансүйгіш» ұғымымен де толықтырылған. Ал адам оның құқығы, жер аумағы елдің басты құндылықтарының қатарында. 

Диас Шәріпбай, ҚР ӘМ Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары:

- 1-бапта ҚР демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені нақты белгіленген. Ал мемлекеттің ең жоғарғы құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. 2-бап аясында Қазақстандағы басқару үлгісі  президенттік республика деп нақты көрсетілген. Бұл бап мемлекет құрылымының негіздерін аша отырып, ҚР-ның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызады.

Жалпылай алғанда, Ата Заңға енгізілген өзгерістер ауқымды. «Сондықтан оны талдаудан басқа түсіну де маңызды», - дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Ал Конституция әлемдік саясат пен заман ағамының құбылыстарын ескере отырып әзірленгенін атап өтті.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қоғамдық кеңес мүшесі:

- Үлкен, ауқымды құжатты кез келген адам түсіне бермейді. Бұны елге түсіндіру керек және де түсінгеннің өзінде, заңгерлердің арасында да пікірталас болып жатыр. Ол да өте заңды құбылыс. Бұл біздің еліміздегі демократияның бар екенін дәлелдейді. Себебі осындай талқылау жүрген кезде нақты, дұрыс пікір және консенсус пайда болады да заң дұрыс болып шығады. Егер нақтылап қарасақ, қазіргі өзгерістің ішінде елімізге, жерімізге, кез келген азаматқа деген зиян келтіретін норма жоқ.

Қазір Ата Заңның жаңа жобасы әлі талқыланып жатыр. Құжат саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, кеңестерде қаралып, референдумда қабылданатын болады.