Алаяқтыққа қарсы орталық іске қосылған екі жылдан бері алаяқтық транзакциялары айтарлықтай төмендеген. 2,9 миллиард теңге көлемінде жалған операциялар бұғатталып, шамамен 500 миллион теңге қаражат жәбірленушілерге автоматты түрде қайтарылды. Алайда сарапшылар қауіп әлі сейілмегенін ескертеді. Киберқылмыскерлер тәсілдерін күн сайын жаңартып, түрлі айла-амалға көшіп жүр. Олардан қалай қорғануға болады?
Диана Қадыр, тілші:
- Сәлеметсіз бе, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласып тұрмыз. Сіздің атыңызға күмәнді операция тіркелді. Қазір тексеру жүргізіп жатырмыз. Өзіңізді қорғау үшін бізбен бірге жұмыс істеуіңіз қажет. Қазір сізге SMS-код келеді, соны бірден айтып жіберіңіз. Әйтпесе шотыңыз бұғатталып, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ең жиі қолданылатын тәсіл – осы. Өзін банк қызметкері немесе тергеуші ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалу. Олар «атыңызға несие рәсімделді» деген жалған ақпарат беріп, шұғыл әрекет етуге итермелейді. Сенімге кірген қаскөйлер тұрғындарды несие алуға мәжбүрлеп, қаражатты «қауіпсіз» деп көрсетілген есепшоттарға аудартқызады. Соның салдарынан ақша тікелей алаяқтардың қолына түседі. Сондай-ақ сіздің банк картаңызға кенеттен ақша жіберіп, сыбайлас болуға итермелейді. Мамандар азаматтарды сақ болуға шақырады.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:
- Егер де азаматтарымызға белгісіз тұлғалардан ақша аударымдары түскен жағдайда бірден банкке хабарласып, бұл операцияны болдырмауға, ақшаны қайтаруға әрекет жасауы тиіс. Үшінші тұлғаларға бұл ақшаны басқа бір есепшоттарға аудармауға тырысу керек. Неге десеңіздер, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін.
- Сәлем, мен ғой. Қазір сөйлесе алмаймын. Мен ауруханадамын, бәрі кенет болды. Дәрігерлер шұғыл операцияға ақша керек дейді. Менің картам істемей тұр. Өтінем, маған тез ақша жіберші. Кейін бәрін түсіндіремін. 3 күнде қайтарам.
Алаяқтардың айласы да, әрекеті де таусылар емес. Қитұрқы тәсілдердің тұзағына бүгінде жастар да, егде жастағылар да түсіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері елімізде 16 500-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Сарапшылар киберқауіпсіздік саласын дамыту және оны қаржыландыруды күшейту қажет екенін айтады. Бұрын салынған айыппұлдар көлемі тым төмен болған. Соның салдарынан кейбір стратегиялық маңызы бар ұйымдардың өзі тиісті деңгейде қорғалмаған. Мамандардың пікірінше, кейбір ұйымдар талаптарды орындаудың орнына айыппұл төлеп қана құтылуды жөн көрген.
Руслан Тұргулдинов, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы бас директорының орынбасары:
- 2026 жылдың басынан бастап министрлік жеке деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға айыппұлдың ең жоғары мөлшерін арттырды. Өсім шамамен 24 миллион теңгені құрайды, яғни айыппұл үш-төрт есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл шағын және орта бизнес үшін де, мемлекеттік органдар үшін де киберқауіпсіздікке инвестиция салуға ынталандыру болмақ. Енді компаниялар инфрақұрылымды қорғауға мамандарды тартып, тәулік бойы бақылау және қорғау қызметтерін сатып алуы қажет.
«Киберқауіпсіздікті күшейтудің тағы бір маңызды бағыты – балалар мен ата-аналарға кибергигиена дағдыларын үйрету», - дейді мамандар. Өйткені интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану тек техникалық шаралармен шектелмей, қолданушылардың сауаттылығына да тікелей байланысты. Сондай-ақ болашақта бұл салада жасанды интеллектіні пайдалану да жоспарланып отыр. Телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер кезінде абоненттің нөмірі, тұратын жері және қоңырау шалған тұлғалар нақты анықталады. Бұл әдіс алаяқтардың айласын жүзеге асыруына мүмкіндік бермей, қылмыстың алдын алуға көмектеседі.
Диана Қадыр, Мұхамедәлі Тілдабаев