Елде нашақорлықтан емделгендердің 80 пайызы есірткіні қайта тұтына бастайды. Көшпелі отырыста осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаттары науқастармен жұмыс істеу жүйесі тиісінше іске асырылмайтынын айтады. Яғни азаматтар стационардан шықан соң тиісті қолдаудың жоқтығынан, бұрынғы ортаға қайта тап болады. Ресми дерекке сай, елді психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар 108 мыңнан астам адам динамикалық тіркеуде. 18 мыңдайы нашақор, 90 мыңнан астамы алкоголизмге шалдыққан. Сондай-ақ ойынқұмарлыққа салынған 450 мыңдай адам бар.
Депутат Айна Мысырәлімова ерте анықтау, алдын алу, емдеу мен оңалтуды және қайта әлеуметтендіруді қамтитын «көмек континуумы» моделіне көшуді ұсынды. «Ол үшін тиісті орталықтарды міндетті лицензиялау және бақылау арқылы инфрақұрылымды дамыту, емделуден кейін пациенттерді ұзақ мерзімді қолдау жүйесін енгізу қажет», - деді.
Айна Мысырәлімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Барлық поликлиникада психиатрдың кабинеті бар деп айта алмаймыз. Бұған қоса елде клиникалық психолог, психиатор-нарколог секілді мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Қазір біз осы бағытқа ден қойып, жұмыс істеуіміз керек. Қажетті кабинеттерді ашып, маман тапшылығын да жою қажет.