Биыл жазда Баянауылда екі жүз мыңға жуық адам демалысын өткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп, мамандар: «туристер санының артуына қолайлы ауа райы мен инфрақұрылымның жақсаруы себеп болды», - дейді.
Демалыс аймағындағы бақылау-өткізу бекеттеріне цифрлық жүйе енгізіліп, келушілердің нақты саны есепке алына бастады. Туристер көбіне табиғаты көркем Жасыбай көлінің маңын таңдайды. Мұнда қонақ қабылдайтын 50-ден астам тынығу орны бар.Биыл көл жағасы абаттандырылып, инфрақұрылым жаңғыртылды. Сонымен қатар Сабындыкөлде коммуналдық жағажай салынып, туристерге арналған сапар орталығының құрылысы аяқталды.
Осылайша, Баянауылдағы туризм саласы жаңа қарқын ала бастады.
Алмаз Жұмашев, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
- Осы жылдың 24 маусымынан бастап бақылау-өткізу бекеттерінде автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Қазір төлемдер QR-код арқылы ғана қабылданады. Қолма-қол ақша мүлде қабылданбайды. Осы жүйенің арқасында туристер санын нақты есептеп, түсім көлемінің артқанын да байқап отырмыз.