Елімізде алғаш рет Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне берілетін көтермеақы мөлшері ұлғайтылды. Бұл бастаманы облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Жаңа шешімге сәйкес, Амангелді және Жангелдин аудандарына сырттан келетін дәрігерлерге 8,5 млн теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Арқалық қаласы мен Қостанай, Жітіқара аудандарына баратын мамандарға – 7 млн теңге, ал облыстық және аудандық маңызы бар қалаларға жұмысқа орналасатын дәрігерлерге 5 млн теңге төленеді. Бұл шара өңірдегі, әсіресе ауылдық жерлердегі медицина мамандарының тапшылығын азайту мақсатында қолға алынды.
Алмас Әбілғазин, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Тағы бір тың өзгеріс – алғаш рет орта буын медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары енгізілді. Оларға 1 млн теңге көлемінде көтермеақы қарастырылып отыр. Сонымен қатар міндетті жұмыс істеу мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Егер маман белгіленген мерзімі аяқталмай тұрып басқа жерге ауысса, тек жұмыс істемеген кезеңіне сәйкес соманы қайтаруға міндетті болады.