Құрылыс саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру – сапалы нысан салудың маңызды шарты. Осыны негізге алған BI Group компаниясы қызметкерлерін оқытуға басымдық беріп отыр. Ол үшін арнайы тренинг орталықтарын ашқан. Мұнда кәсіби мамандар дәріс оқиды. Бір жыл ішінде мыңдаған адам білім алған.
Теория мен тәжірибені ұштастыра оқыту. Астанадағы BuildEx тренинг орталығында мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Бүгінде мұнда құрылыс саласының 12 мамандығы бойынша дәріс өтеді. 16 білікті маман теориялық білім мен тәжірибені қатар үйретеді.
Қайрат Шаяхметов, BuildEx тренинг орталығының директоры:
- Ең алдымен, бұл оқу орталығы құрылыс мамандықтары бойынша кәсіби дағдыларды дамыту үшін құрылған. Әр жұмыстың сапалы орындалуына ерекше мән беріледі. Тапсырма беру арқылы оның қаншалықты дұрыс орындалғанын бағалаймыз. Біз BI Group қызметкерлерін ғана емес, серіктестері мен мердігерлерінің жұмысшыларын да оқытамыз.
Білікті мамандарды даярлауға компания қомақты қаржы бөліп отыр. BI Group тренинг орталықтарын ашып, дамытуға 3,5 млрд тг астам инвестиция салған. Былтыр басталған жоба бүгінде құрылыс қарқынды жүріп жатқан 4 қалада жүзеге асып жатыр.
Жанерке Әлім, BuildEx тренинг орталығының бас үйлестірушісі:
- Тренинг орталықтары Астана, Алматы, Шымкент және көршілес Өзбекстанның Ташкент қаласында орналасқан. Осы уақытқа дейін BI Group құрамындағы төрт мыңға жуық қызметкерді оқыттық. Сонымен қатар 1,5 мыңға жуық бизнес серіктесіміз білім алды.
Оқу орталықтарының мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта жыл сайын 30 мыңға дейін адамды оқыту жоспарланып отыр. Бұл құрылыс саласындағы мамандардың біліктілігін арттырып, нарықтағы сапа стандарттарын көтеруге бағытталған қадам.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин