Павлодар облысында астық жинау науқаны жүріп жатыр

  • 4
  • 01.09.2026, 19:31

Павлодар облысының диқандары үшін биылғы маусым оңай болған жоқ. Жауын-шашынның аздығы алқаптағы дақылдарға салмақ салып, шаруаларды қуаңшылық жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр етті. Соған қарамастан, егін орағы уақытында басталып, қазір диқандар өнімді ысырапсыз жинап алуға тырысуда.  Әсіресе сапалы астықтың үлесі жоғары. Жалпы облыс бойынша 1,5 млн гектар алқапқа дән себілген. Қазір кейбір шаруа қожалықтарында күзгі егін жинау науқанының 70 пайызы орындалды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Павлодар облысында егін орағы қарқынды жүріп жатыр. Қазір мінекей, өздеріңіз көріп тұрғандай, дала төсінде қаз-қатар тізілген комбайндар бидайды орып жатыр. Диқандардың айтуынша, қуаңшылыққа қарамастан, биылғы өнім жаман емес. Орта есеппен гектарына 10-15 центнерден өнім жиналып жатыр.

Бұл – Ертіс ауданындағы егістік алқабы. Павлодар облысының астықты өңірінде биыл егін бітік шықты.  Өнімнің басым бөлігі – жоғары сапалы астық. Қамырлығы 27–28 пайызға жететін бидай «хай-про» санатына жатады. Мұндай сапалы астыққа ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұраныс жоғары.

Нұржан Усин, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл гектарынан орта есеппен 10-15 центнерден өнім алдық. Қуаңшылық болғанына қарамастан, жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Менің ойымша, биылғы өнімді жақсы деп бағалауға болады. Себебі қазір астықтың бағасы да қолайлы. Өткен жылы өнім жақсы болғанымен, баға әлдеқайда төмен еді. Ал биыл астық бағасы біршама жоғары. Сондықтан меніңше, биыл нансыз қалмаймыз. 

Шаруашылық 2 мың гектар алқапқа астық егеді. Шаруа қожалығының басшысы Нұржан Усиннің айтуынша, мемлекеттік қолдаусыз шаруаның ісін ілгерілету қиын. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай мен лизинг арқылы алынған жаңа буын ауыл шаруашылығы техникалары жұмыс өнімділігін арттырды. Аграрлық салаға жасанды интеллект технологиялары да енгізіле бастады.  

Нұржан Усин, шаруа қожалығының басшысы:

- Арнайы бағдарлама арқылы жұмыс үдерісін бақылап отырамыз. Мысалы, бидайды ору кезінде артық шығын мен жанар-жағармайды ысырап етпеу үшін жүйені қолданамыз. AutoTrack жүйесі нақты деректер береді. Соның арқасында техниканың қозғалысын дәл бақылап, жұмысты іс жүзінде қателіксіз атқарып жатырмыз.

Цифрлық технологиялардың егіс алқабына енуі еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, жанар-жағармай мен техниканы тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл шаруашылығын жаңғыртудың бір бағыты. Ал өңірде егіс құрылымын өзгерту жұмысы да жалғасып келеді. Майлы дақылдардың көлемін арттыру арқылы шаруалар нарықтағы сұранысқа бейімделуге тырысуда.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- 1,5 млн гектардан 650 мың гектарға жуық ол майлы дақылдар егілген. Ол майлы дақылдардың өзінің бір ерекшелігі – оны күзде де тіпті қыста да, қыстан қалса көктемде де жинауға болады. Өйткені оның майлылық көрсеткіштері тек қана өседі. Кезінде біз 900 мың гектарға дейін сол дәнді дақылдарды егетін едік. Бүгінгі күні ол 760 мың гектарды құрайды. 

Жалпы облыс бойынша өнім 1 млн 548 мың гектар алқапқа егілген. Өңірде көкөніс пен картоп жинау науқаны да қызу жүріп жатыр. Мал азығын дайындау ісі 80 процентке орындалды. Қуаңшылыққа қарамастан, Павлодар облысының диқандары биылғы науқанды жақсы нәтижемен қорытындылағалы отыр. Сапалы астық, қолайлы баға және заманауи технология – шаруалардың басты үміті. Ең бастысы, ауа райы мүмкіндік берсе, егін жинау науқаны белгіленген мерзімде толық аяқталады.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков