Маңғыстауда 134 көпқабатты үй реновация бағдарламасына енгізілді

  • 7
  • 02.09.2026, 19:37

Маңғыстау облысында 134 көпқабатты тұрғын үй реновация бағдарламасына енгізілді. Оның 61-і апатты деп танылған әрі жөндеуге келмейді. Қалған үйлер жаңартылады.Қирау қаупі бар баспаналардың көбі Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы, Маңғыстау, Бейнеу және Қарақия аудандарында орналасқан. Қазір тұрғындарды уақытша баспанаға көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Тізімге 131 адам енгізілді.

Жалпы, өңірдегі ескі үйлерді үш жыл ішінде бұзып, олардың орнына жаңасын салу жоспарланып отыр. Айта кетейік, Ақтаудың 3-шағынауданындағы 10 апатты үйдің бесеуі былтыр сүрілді. Қалған үйлер бойынша тұрғындардың келісімін алу жұмыстары жүріп жатыр.

Бауыржан Бекбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Өңірде апатты үйлер саны бойынша Жаңаөзен қаласы, Бейнеу және Қарақия аудандары көш бастап тұр. Жаңаөзен қаласында қазіргі таңда 25 көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылды. Олардың қатарында «Вокзал», «Шұғыла» және «Шаңырақ» шағынаудандары бар. Тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың алғашқы айларында бастап, 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланды. Мұнда бес қабатты тұрғын үйлер салынады.