Елімізде зейнетақы жинақтарын жаңа тәсілмен инвестициялау ұсынылып отыр. Яғни, инвестициялық тәуекелдер адамның жасына қарай ескеріледі. Мысалы, жас салымшылардың жинақтарын акция секілді кірісі жоғары құралдарға көп мөлшерде салуға болады. Ал зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын мұндай құралдардың үлесі азаяды. Ол кезде тәуекелі төмен консервативті активтерге басымдық беріледі. Бұл туралы Алматыда «Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарлама жобасын» талқылау кезінде айтылды. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді капиталдың негізгі көзі ол - зейнетақы активтері, олардың басым бөлігін Ұлттық Банк басқарады.
Болашақта инвестициялық қоржынды басқарушылар аясын кеңейту қарастырылып отыр. Дегенмен, бұл бастамалар қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негіздерін өзгертпейді. Жоспарды жүзеге асыру үшін «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол 11 кодекс пен 24 заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Заң жобасын жыл соңына дейін Құрылтайға жолдау жоспарда бар.
Айдын Дәулетбақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары:
- Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – бизнес пен жеке тұлғаларға, инвесторларға капитал нарығын қолжетімді ету, яғни компаниялар тек банктің несиелеріне ғана жүгінбей өздері тікелей нарықтан ұзақ мерзімді капитал тарту мүмкіндігіне ие болуы керек.