Қазақстанда 4 мыңға жуық діни бірлестік тіркелген

  • 5
  • 21.09.2026, 18:50

Ата Заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында жазды. Қазақстанда түрлі ұлт пен дін өкілдері бірге өмір сүріп келеді. Бүгінде елімізде 18 дін бағытын ұстанатын 4 мыңға жуық діни бірлестік ресми тіркелген. Әр азамат өз дінін еркін ұстануға құқылы. Бірақ сонымен бірге өзге адамдардың сеніміне құрметпен қарауы керек. Сондықтан Қазақстан дін-аралық татулықты сақтауға мән береді.

Баян Ғабдоллақызы 3 баланың анасы. Отбасымен тұрақты түрде саяхаттауды дәстүрге айналдырған. Балалары еліміздегі белді университеттерінде білім грантымен оқыған. Оның айтуынша, ізденемін, оқимын, саяхаттаймын, армандарыма қол жеткіземін дегенге елімізде бар мүмкіндік жасалған.  

Баян Ғабдоллақызы, қала тұрғыны:

- Мысалы, үлкен ұл Америкаға сол мектептің грантымен 1 айға тәжірибе алмасуға барып келді. Қаншама мүмкіндік. 14 жылдан бері осы салады саяхат саласында жүрмін. Байқағаным, көп адамдар мүмкін бір қалталы адамдарға тән нәрсе деп бағалайтын үрдіс бар. Әр адамның жүріп-тұру мүмкіндігі өз қолында. Өз ойын ашық жеткізе алатын, өз қалауы бойынша өмір сүре алатын,  адами құқықтарын толыққанды іске асыра алатын мемлекет.    

Иә, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елімізде түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүруде. Қазақстан Республикасында мемлекет пен діннің арақатынасы заңмен ажыратылған. Елімізде барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтары тең қорғалып, халық тұрмысының жақсаруына жағдай жасалып, білім алуына мүмкіндік беріліп келеді. Сондай-ақ, ел ішіндегі ұлтаралық және конфессияаралық татулық сақталған.

Кеңшілік Тышқан, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы:

- Жаңадан қабылданған Ата заң бойынша дін мемлекеттен бөлек деген қағидаттар негізінде қалыптасады. Діннің ішкі әрекеттеріне мемлекет араласпағанымен қоғамда дін бар. Сондықтан, қоғамдағы дін мәселесін де мемлекет реттеп отырады. Қазақстан мемлекеті қазір бейтараптылық, яғни барлық конфессияға бір деңгейде қарау, бірдей шарттар жасау, бірдей мүмкіндіктер беру деген сияқты қағидаттарды негізге алады.   

Жаңа Ата заңда да зайырлылық қағидаты анық көрсетілген. Онда діни араздықты қоздыруға қарсы нормалар қарастырылған. Сондай-ақ, Конституцияда білім беру жүйесі мен мемлекеттік басқару зайырлы сипатта болып, діни институттардың оқу-тәрбие жұмысына араласуына шектеу қойылған. 

Авторлар: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков.