Соңғы 7 жылда Қазақстанға келетін саяхатшылар саны едәуір өскен. Елге шетелден келетін қонақ саны 16 млн-ға жуықтады. Туризмге салынған инвестиция да артып келеді. 2019 жылы салаға 502 млрд теңге қаржы тартылса, 2025 жылы оның көлемі 1,26 трлн теңгеге жетті. Ел туризмін дамытуда тағы қандай шаралар қолға алынды? Қазақстанға келушілерді не қызықтырады?
2019 жылдан бері еліміздегі ұлттық парктерге келушілер саны 2,6 есеге артты. Табиғи аумақтарға қызығушылықтың артуы экологиялық туризмді, жаяу туристік маршруттарды және табиғат аясындағы демалыс инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Сондай-ақ елімізде туризм 6 бағыт бойынша дамып жатыр. Кейінгі жылдары оқиғалы және спорттық туризмді ілгерілетуге көңіл бөліне бастады. Шетелдік жұлдыздардың қатысуымен шоу концерттер, фестивальдер мен халықаралық спорттық жарыстар жалпы туристік индустрияға серпін бергені рас.
Базарбек Қамысбаев, Туризмді дамыту орталығының департамент директоры:
- Турист концерттің билетін алып қана қоймай, қонақүйде тұрады, такси қызметін пайдаланады, қосымша экскурсия пайдаланады. Сондықтан мұндай туристің орташа чегі, жұмсайтын ақшасы көбірек болады. Мысалы, MasterCard деректері бойынша Астанадағы турист күніне $230 қаржы жұмсайды. Яғни бұл турист кем дегенде 3 күн аялдайды десек, қалада $690 доллар қалдырады.
Еліміздің тау кластері де туризмге жаңа серпін бере бастады. Бұл ретте Алматы облысы өте қолайлы өңірдің бірі. Облыс туризм саласына инвестиция тартуда екінші, ал шетелдік туристерді қабылдау жағынан үшінші орында тұр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 2,3 млн турист ат басын тіреген. Кеген ауданының Тұйық ауылындағы сарқырамаға электр желісі тартылып, Қайыңды көліне апаратын жолға асфальт жабыны төселді. Ол жақында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Көлсай 1» және «Көлсай 2» көлдеріне аспалы жол тартылып, Қара шатқалға шытынау эффектісі бар әйнек көпір салу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Қапшағай су қоймасының жағалауына жазғы шомылу маусымы кезінде 2 млн демалушы келген.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Өздеріңіз білетіндей, Алматы облысы туризм саласынан алдыңғы Қазақстан бойынша шетелдік туристер саны жағынан үшінші орындамыз. Қаражат түсімі бойынша да үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз. Соның бәрі – туризм саласында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің арқасы. Алдымызға қойған мақсаттарымыз да өте көп. Оның ішінде инфрақұрылымды дамыту және үлкен-үлкен жоспарларымыз бар.
Соңғы жылдары ішкі туризм қарқын алып келеді. Мәселен, 2025 жылы ел ішінде саяхаттаған Қазақстан азаматтарының ағыны 10,7 пайызға артқан. 2021 жылдан бүгінге дейін туристік салада 523 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 8251 адам өз нәпақасын тапқан.
Биылғы жарты жылдың өзінде демалыс орындарында 1 миллион 965 мың адамға қызмет көрсетілді. Оның 800 мыңнан астамы негізгі курорттық аймақтарды таңдаған. Мәселен, Алматы таулы кластерінде 510 мыңға тарта адам демалса, Бурабайдың тұмса табиғатын 117 мың адам тамашалған. Маңғыстаудың маңғаз даласына 53 мыңнан аса адам саяхаттаса, Түркістанға 40 мың адамның табаны тиген. Ал 30 мыңнан аса адам Алтай аймағында демалуды жөн көрген.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов