Ухань қаласынан келген студенттер карантиннен шығарылды
Олар 14 күн карантиннен кейін аман-есен үйлеріне жіберілді. БАҚ өкілдеріне сұхбат та берді. Өз көздерімен көрген вирус ошағы Уханьдағы жағдайды да баяндап берді.
14 күн барлық тексерістен өтіп, 24 сағат дәрігерлердің жіті назарында болған студенттер ақыры аман-есен үйлеріне оралды. Бұл 89 студент ақпанның 2-сі күні карантин жарияланған Ухань қаласынан елге эвакуацияланған еді.
Абырой болғанда дәрігерлер бірінен де коронавирусты анықтамады. Тілшілердің үздіксіз сұрақтарынан шаршаса да, студенттер сұхбат беруге келісімдерін берді. Солардың бірі – Дәурен Уришанов. Ол Ухань университетін биыл тәмамдамақ.
Айтуынша, ғаламторда жарияланғандай апыр-топыр, дүрбелең жоқ. Барлығы тыныш.
Дәурен Уришанов, Ухань университетінің студенті:
- Қатты қорқыныш болған жоқ. Барлығын түсіндім. Бізге айтылған ережелерді орындадық. Далаға шықсаң, маска, көзілдірік, костюм болса тіпті жақсы.
Жалпы өзге елдерде анықталып жатқан коронавирус абырой болғанда бізге жетпеді. «Дегенмен барлық сақтық шарасы қолға алынған», – дейді мамандар. Бірақ шектен тыс кетуге де болмайды.
Динагүл Баешева, ҚР Инфекциялық аурулардың жетекші маманы:
- Аллаға шүкір, біріншіден бізде коронавирус жоқ. Соны білуіміз керек. Екіншіден бетперде ауырған адамға керек. Ол жөтелгенде, түшкіргенде қасындағы адамға жұқтырмау үшін қажет. Ал біз күлкілі жағдайға келдік. Далада, көлікте жалғыз отырып, бетпердесін киіп алған. Ол дұрыс емес. Себебі адам таза ауамен демалу керек.
Айта кету керек, карантиннен шығарылған барлық студент өздерінің тұрғылықты мекенжайлары бойынша дәрігерлердің үнемі бақылауында болады.
Авторлары: Риат Шони, Айбын Құсанбеков