Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда
Прокурорлар үш қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал заңсыз аң аулау бойынша айыпталған 4 азамат 6 жылға түрмеге тоғытылуы мүмкін. Жауапқа тартылып жатқандардың барлығы – Қызылорда облысының тұрғындары. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 13 қаңтарында броконьерлермен болған жанжал кезінде Ерлан Нұрғалиев мерт болған еді. Кейін қылмыскерлер қолға түсіп, олардың көлігінен Қызыл кітапқа енген 17 ақбөкен және қару-жарақ табылған болатын. Келтірілген шығын көлемі шамамен 89 млн теңге. Енді сол ақшаны айыпталушылар өтеуі тиіс. Сондай-ақ марқұмның туыстары 9 млн теңге материалдық және 20 млн теңге моральдық шығын талап етіп отыр.
Ғалымжан Тәуекелов, Ерлан Нұрғалиевтің туысы:
- Айыпталушы Базаров, Қайырбеков, Мырзабаев және Әкімовтің жазасын жеңілдеткеніне біз келіспейміз. Оларды Қылмыстық кодекстің 432, 433, 434-баптары бойынша да кінәлі деп тапқанын қалаймыз. Себебі олар аса ауыр қылмыс жайлы біле тұра хабарламаған. Қазір оларды тек заңсыз аң аулағаны үшін ғана жауапқа тартып жатыр.