Аралда 750 бала алимент ала алмай жүр
Қызылорда облысы Арал ауданында әр айда пробация есебінде тұрған 5 адамды қызметке орналастыру жобасы жемісті жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркелген 47 сотталған азаматтың 42-сі екі қолға бір күрек тапты. Мамандығы жоқтары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында оқытылып, жазасын өтеп шыққан 3 тұрғын 505 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды. Аудан прокурорлары сондай-ақ алимент өндіру ісін де ерекше назарға алып отыр. Өйткені міндетті төлеуден қасақана жалтарған аралдықтардың өз балалары алдындағы берешегі 54 млн теңгенің үстіне шыққан. Заңмен некесін бұзған азаматтардың басым бөлігі тұрғылықты мекенжайы, жұмыс орны мен табысын жасырады. Сот орындаушылар 750 өренге тиесілі ақшаны алып бере алмай жауапсыз әкелермен алысып әлек.
Әсел Кәрімова, Арал ауданының тұрғыны:
- 2016 жылдан бастап алимент алушы болып тіркелгенмін. Қазіргі таңда аудан прокуроры мен жеке сот орындаушының араласуымен 400 мың тг ақшам өндіріліп, төленіп отыр. Борышкер бұрынғы күйеуім жұмысқа орналастырылып, уақытылы алимент алып отырмын.
Ақмарал Жанесенова, Арал аудандық прокуратурасының аға прокуроры:
- Қасақана жалтарып жүрген борышкерлер тізімі жасақталды. Сол тізімге сәйкес жеке сот орындаушыларға тапсырмалар беріліп, 2 борышкердің алимент қарызы өтелгенше сот ұйғарымымен көлік жүргізу құқығы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар аудандық прокуратурамен 3 борышкерге қатысты іс қозғалып, әкімшілік шара көтерілді.