Жамбыл облысы Сарысу ауданына газ тартылды
Ауыл тұрғындары отпен кіріп, күлмен шығудың қиындығынан құтылғанына мәз болса, әлеуметтік нысан басшылары жылыту шығындары азайғанына қуанышты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл – Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Майлыкөл елді мекені. Бұл ауылда бұрын-соңды газ деген мүлдем болмаған. Республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, сонау Талас ауданынан 128 шақырым жерден жер астымен газ желісі тартылып отыр. Міне біз қазір сол газ алғашқылардың бірі болып жеткен шаңырақтардың біріне келіп тұрмыз. Қазір қожайынынан сұрап білейік. Қаншалықты газдың пайдасы бар? Қандай игілігін көріп отыр?
Жауһар Мақұлбекова осы күнді жылдар бойы күтіп армандаған. Қақаған қыста көмір тасып, күл шығарып әбігерге түсетін. Енді бұл қиындықтар артта қалды. Отынға жұмсалатын шығын да айтарлықтай азайды.
Жауһар Мақұлбекова, Майлыкөл ауылының тұрғыны:
- Бұрын қандай еді? Шығын көп болатын. Мысалы бір жылдың ішінде 25-30 тонна көміріміз 460 мыңдай болатын. Тоннасын 23 мыңнан алатынбыз. Ал қазіргі таңда 6 айдың ішінде 75 мың теңге болды.
Ауылға газдың келуімен бюджеттік мекемелердің де шығыны азаятын болды. Мәселен, 730 балаға арналған Түгіскен орта мектебі 40 жылдан бері қатты отынмен жылытылады. Бір ғана жылыту маусымында 5,5 млн теңгенің көмірі жағылып отыр. Енді көгілдір отынға ауысса, шығын 4 есеге дейін төмендейді.
Марат Рахманқұлов, Түгіскен орта мектебінің директоры:
- Газға ауысқан кезде 621 мыңдай шығыны кетеді екен. Ал көмірдің шығыны 5 млн үстінде. Газ тарту жұмыстары проектісі келешекке жасалуда. Келесі оқу жылына кіргіземіз деген жоспар тұр.
Жалпы Сарысу ауданын газдандыру бойынша 3 жылдық жоба жасалған. Биылдың өзінде 14 елді мекенді қамту көзделіп отыр.
Есенгелді Бейсембеков, Сарысу аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бізде 27 елді мекен бар. Сол 27 елді мекеннің ішінде Жаңатас қаласы бар. Бұл жоба жүзеге асқан кезде шамамен 70% орындалады деп күтіп отырмыз.
Жалпы Жамбыл облысында соңғы 10 жылда 130-дан астам елді мекен газдандырылған. Қазір аймақтағы 377 ауылдың 48% көгілдір отынмен қамтылып отыр. Ал 2027 жылға қарай 196 ауылға газ кіргізу жоспарда.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә