Шалғайдағы елді мекендерге жедел жәрдем жөнді бармайды
Дәрігерлік көмектің бұл түрі бір орталыққа біріктірілгеннен бері машақаты көбейген. Әсіресе облыс орталығынан жырақтағы интернет пен байланыс нашар кейбір ауыл тұрғындарына қиын болып тұр. Сондай елді мекендердің бірі – Марқакөл. Бұл ауылдың халқы жедел жәрдем ғана емес, дәрігер тапшылығынан сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр.
Марқакөл бұрын аудан орталығы болғанда 20 мыңға жуық халық болса, қазір 7 мыңнан астам ғана тұрғын бар. Дегенмен халыққа қажет негізгі әлеуметтік мекемелер қызметін атқарып тұр. Бірақ соңғы жылдары халық басы ауырып, балтыры сыздаған кезде қиналады. Себебі жедел жәрдемде жеделдік жоқ.
Нұрзия Абыраева, Марқакөл ауылының тұрғыны:
- Жедел жәрдем жай келеді. Мен ондағы балаларды кіналамаймын. Олар қалаға қоңырау шалады екен. Қала одан бәрін жазып алып, рұқсат береді. Ол жақ орысша сұрайды. Бізде кейбір ауылдар қазақша аталған.
Қазір жедел жәрдем қызметі тек бір орталықтан басқарылады. Интернеті жоқ, байланыс сапасы нашар елді мекендер үшін қиын.
Гүлнар Таменова, Марқакөл ауылдық ауруханасының меңгерушісі:
- Өздерінің дұрыс түсіндіре алмағандығынан көмекті кешіктіріп алып жатыр. Содан бізге шағымданады. Енді кінә бізден емес деп ойлаймын.
Медициналық көмек кешіккендіктен жүкті аналар ауылдан 500 шақырым Өскеменде босануға мәжбүр. Өткен жылы Күршім ауданы бойынша 371 ана босанса, олардың 95% облыс орталығына барған.
Надия Мұратбекова, Марқакөл аулының тұрғыны:
- Өскеменде босандым. Бір ай бұрын жіберді. Қыста қауіпті ғой. Ертерек барып босандым.
Ауылдық аурухана деген аты болғанмен, заты басқа. Бірқатар дәрігер-маман да жетіспейді. Сондықтан жағдайы ауыр науқастарды Күршім мен Өскеменге жібреді.
Гүлнар Таменова, Марқакөл ауылдық ауруханасының меңгерушісі:
- Ең бірінші анестезиолог керек. Ол маман бізде жоқ. Жаңа туған баланы қарайтын неонатолог та бізде жоқ. Жай педиатор бар. Сол жағдайға байланысты аяғы ауыр адамдарды қалаға жібереміз.
Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігері: «Жас дәрігерді шақырып әкелгенімізбен, тәжірибе тағы керек», – дейді. Халық саны көбеймесе, келген маман бар тәжірибесін жоғалтуы мүмкін. Бірақ оған қармастан, жас мамандарды іздеуге енді кіріспек.
Марат Білейменов, Күршім аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Енді іздейміз, қараймыз, шешуге тырысамыз. Анестезиолог, реанимотолог қажет екенін жақсы білеміз. Сондықтан да біз ол бойынша Семей, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Ақтөбемен жұмыс істейміз.
Марқакөлден соңғы жылдары ел үйіре көшіп жатқан жоқ. Тіпті білім беру саласына жас мамандар көптеп келіп жатыр. Балабақша мен мектептегі бастауыш сыныпта бала толық. Сондықтан халықтың күдігінен үміті басым.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов