Жәндікті улайтын препараттарды бейберекет сатуға болмайды
Себебі соңғы кездері Маңғыстау облысында «қандаланы улаймын» деп өздері уланып қалатындардың қатары көбейген. Тұрғындар дезинсекция препараттарын кез келген жерден сатып алады. Салдарынан соңғы 1,5 ай ішінде 3 отбасы уланған. Ал былтыр 13 оқиға тіркеліп, 2 адам қайтыс болды.
Соңғы бір аптаның ішінде мына үйде тұратын екі отбасы қандала уынан уланып, ауруханаға түскен. Алдымен 3 адам, араға екі күн салып тағы 5 тұрғын уланған. Түтіннен тұншыққан Юлия Молдован кәмелет жасқа толмаған екі қызымен бірге ауруханадан бір-ақ шықты. Жағымсыз иісті кетіру үшін есік-терезесін ашып, желдеткен. Алайда сәт сайын құсып, халдері нашарлаған соң, жедел жәрдем шақыртуға тура келген. Дәрігерлер «токсикологиялық улану» диагнозын қойды.
Юлия Молдован, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Көрші пәтерге көшіп келгендер жөндеу жұмыстарын жүргізіп болған соң үйлерін улап, есіктерін тарс жауып, кетіп қалыпты. Бізге ескертпеген. Төтенше жағдай қызметкерлері, учаскелік инспекторлар келіп пәтер иесін тапты. «Мен неге ескертуім керек, жай зиянкестерді уладым», – деп қарап отыр. Біз болсақ соның кесірінен өліп қала жаздадық.
Юлияның көршілері пәтерін жабық ғимаратта қолдануға мүлдем тыйым салынған препаратпен улаған. БИ-58 химикаты даладағы шөп және ағаштардағы зиянкестерден тазарту үшін пайдаланылады. Қауіпті у көпқабатты үйдегі желдету жүйесі арқылы көрші пәтерлерге тараған.
Нұрбол Оқуов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Препараттар сауда орындарында еркін сатылып жүр. Нормадан тыс түрлері болады. Ауыр әсер етеді, тіпті адамның қайтыс болып кетуі де мүмкін. Сондықтан бұл ретте кішкене абай болу керек. Көбінде осындай оқиға кезінде: «Біз білген жоқпыз», – деп айтып жатады. Бірақ заңды білмеу адамгершіліктен босатпайды. Заңның алдында барлығы бірдей. Сондықтан да алдын ала көршіге ескертіп, мамандардың кеңесіне жүгіну керек.
Қазіргі таңда облыста арнайы қоймасы бар дезинсекциямен айналысатын 10 ірі компания ресми тіркелген. Ал зиянкес жәндіктердің көзін жою қызметін жеке бизнесіне айналдырғандар саны 200-ден асады. «Олардың көбі жұмысын дұрыс білмейді, тұрғындар алданып қалып жатыр. Сондықтан да химиялық препараттарды еркін сатуға тыйым салу керек», – дейді эпидемиологтар.
Асима Жұмабайқызы, қалалық Тауар мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
- Зиянкестерді улайтын препараттар мамандандырылған дүкендерде сатылуы керек. Егер біз бұл препараттарды екінің біріне сатуға рұқсат бере берсек, онда бұл проблеманы тоқтата алмаймыз. Заңмен тыйым салу керек. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Тұрғындар тіркеудегі компанияларға көп қаржы бергеннен гөрі, арзан қызмет ұсынушы адамдардың қызметіне жүгініп жатады. Кейде тіпті базардан сатып алып, өздері улайды. Оның арты қайғылы жағдайларға әкеліп соғуда.
Эпидемиологтар прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірге қаладағы базар мен сауда нүктелеріне рейдке шықты. Химиялық препараттар мен уларды сатып тұрған сатушылардың рұқсатын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Жалпы соңғы жылдары Маңғыстауда қандала уынан зардап шеккендер қатары көбейген. Соңғы 2 жылда 6 адам қайтыс болыпты. Оның екеуі кішкентай бала. Тек бір жағдайда ғана кінәлі тұлға жазаланған. Екі адамның өліміне себепкер болған дезинсекция жұмыстарын жүргізетін жеке комания басшысы былтыр 5 жылға сотталды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев