Қазақстанда кен орындарын ашуға арналған жаңа бағдарлама әзірленеді
Бұл жайында Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі баяндады. Жалпы 2025-2040 жылдары ел аумағындағы пайдалы қазбалар қоры ортаюы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе басты назарда болуы тиіс. Яғни жаңа кен орындарына геологиялық барлау қажет. Ол үшін 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірленеді. Премьер-Министр Асқар Мамин жауапты министрлікке бағдарлама жобасын осы жылдың 31 мамырына дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Ұсынылып отырған бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздің минералдық-шикізаттық базасын дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты толықтыруларға жағдай жасау. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында геологиялық барлау жұмыстарына 60 мыңға жуық адам тартылады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру арқылы 1 теңге салып, 4 теңге қосымша инвестиция тартуға болады. Еліміздің моноқалаларының маңында минералды-шикізаттық базасын толықтыру экономикаға оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп салаларын дамыту үшін нақты негіз болады. Одан басқа жаңа кен орындарын ашқан кезде жаңа өндірістік кешендер құрылады. Бұл 6 трлн теңгеге дейін инвестиция тартып, 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Геологиялық барлау жүргізілген кезде геофизикалық зерттеу мен жерді қашықтықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану керек. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 31 мамырға дейін мемлекеттік бағдарлама жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын.