93 мыңға жуық көпбалалы отбасына жәрдемақы төленеді
Өткен жылы 354 азамат осы бағдарлама бойынша 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, кәсібін ашқан. Олардың арасында көпбалалы аналар, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Салтанат Әшімова – Қазығұрт ауданының тұрғыны. Бес баланың анасы. Осы уақытқа дейін бала күтімімен үйде отырған. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 3 айлық курсты тәмамдапты. Соның нәтижесінде бизнес идеяға бөлінген 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған. Оған өзінің сән салонын ашып, қыз-келіншектерге қызмет көрсетуде.
Салтанат Әшімова, көпбалалы ана:
- Заманның талабына орай көп қыз-келіншек тойға боянбай бармайды. Осы мамандықты таңдадым, өзіме ұнайды. Бұрыннан өзі қалайтын едім.. Көпбалалы аналарды қолдап жатқанына Үкіметке рахмет айтамын. Қазір күнделікті табысым бала-шағама жетеді.
Өткен жылы ауданда 4653 отбасы 3,7 млрд теңге көлемінде АӘК алған. Ал «Жұмыспен қамту» бағдаралмасы бойынша 268 отбасы 6% шағын несие алып, жұмысын жандандыруда. Олардың дені шаштараз, әсемдік салоны, дүкен, асхана сияқты әлеуметтік нысандар ашқан.
Төлеген Телғараев, аудан әкімі:
- «Еңбек» бағдарламасының жас кәсіпкер жобасы аясында ауданымызда өткен жылы 354 азамат, оның ішінде көпбалалы аналар, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 505 мың теңгеден қайтарымсыз несие алып, өз кәсіптерін бастады. Осы жұмысты біз биыл жалғастыратын боламыз.
Бұдан бөлек ауданда өткен жылы шағын және орта бизнес бойынша тағы да 32 жоба іске қосылған. Жергілікті 195 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында 110 мың отбасына АӘК көрсетілген. Биыл 93 мыңға жуық көпбалалы отбасына жәрдемақы төленеді. Оның ішінде 50 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы