Павлодар облысының бұрынғы әкімі үй қамаққа ауыстырылды
Ол осыдан бір ай бұрын наурыз айының 16-сына дейін қамауға алынған болатын. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-тармағы, яғни «қызметтік мансабын немесе билік құзыретін пайдалану» қылмысы бойынша айып тағылған. Үй қамаққа ауыстырылған экс-әкімнің сотқа дейінгі тергеу амалдарынан басқа кезде үйінен шығуға, телефонмен сөйлесуге және бөгде адамдармен араласуына тыйым салынған. Сонымен қатар оның үйіне бақылау орнатылды.
Маржан Құрманғалиева, Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің маманы:
- Бұлтартпау шарасы үй қамаққа ауыстырылды. Себебі Болат Бақауов Павлодар облысы әкімі қызметінен босатылған. Бүгінгі таңда ол тергеуге қатысты құжаттарға қол жеткізе алмайды. Сондықтан қылмыстық істі тергеуде кедергі келтіруге мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар қамауда отырғанда оның денсаулығы нашарлап кеткен.