Түркістандық «Асар» волонтер тобы баспанасыз қалған азаматқа қол ұшын созды
Ал волонтер жастар бірден әлеуметтік желі арқылы демеушілер тауып, қиын жағдайға тап болған азаматқа көмектесіп жатыр.
6 ақпанға дейін 9 адамға пана болған Назарбековтердің шаңырағы бір-ақ күнде күлге айналды. Ай мен күннің аманында баспанасыз қалған отбасы қазір пәтер жалдап тұрып жатыр. Өрт кезінде барлық дүние-мүлкі өртеніп кеткен. Тіпті балалардың мектепке киетін киіміне дейін жанып кетіпті. Қиын жағдайға тап болған отбасына қазір «Асар» волонтер жастар тобы қол ұшын созып, көмек көрсетіп жатыр.
Әлімхан Назарбеков, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Үйде қызым болған, мен жұмыста едім. «Үйің өртеніп жатыр», – деп көршім хабарласты, жүгіріп келдік. Ештеңе қалмапты. Бәрі жанып кеткен. Жастар келіп көмегін беріп жатыр. «Не істейміз?», – деп сұрап жатыр. 10-20 күнде бітетін шығар.
Баспаналары өртеніп кеткен Назарбековтер шаңырағындағы 6 перзенттің үшеуі мектепке барады. Отағасы базарда. Айлығы 50 мың теңге екен. Ал отанасы жұмыссыз. Бала-шағаның тамағы мен киімі мемлекеттен берілетін жәрдемақы мен отағасы тапқан айлықтан. Енді оған пәтерақы мен балалардың киімі қосылды. Алайда волонтер жастар әлеуметтік желі арқылы қолы ашық, жомарт жандарды іздеп тауып, көмектесуде.
Төребай Асқарұлы, «Асар» волонтер жастар тобының жетекшісі:
- Қазіргі таңда волонтерлер тарапынан осы үйдің есік-терезелерін салып беру жұмысы тұр. Үйдің жан-жағын сылау, әктеу тағы бар. 1-2 аптада кішігірім бөлмелерге орналастырып, одан кейін үлкен үйге әкімшілік тарапынан көмек болатынын ескертті.
Айта кетейік, Түркістан облысында 5000-нан астам волонтер бар. Олар «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem», «Saulyq» және «Асыл мұра» сияқты 7 салалық бағыт бойынша жұмыс істейді. Барлық жобаны жүзеге асыру аясында тұрғындардың мәселесін шешудегі волонтерлердің талпынысын қолдау үшін шағын гранттар бөлу қарастырылуда. Алдағы уақытта өңірдегі волонтерлер қатары 10 000-ға көбеймек. Сондай-ақ аудан, қалалық жастар орталықтарының жетекшілігімен 1000-ға жуық мектепте волонтерлікті негіз еткен өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстары жетілдіріліп, методологиялық көмек көрсетіледі. Ал еңбегімен ерекшеленген жастар жоғары марапаттарға ұсынылмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы