Алматылық азамат иесіз иттерге арналған баспана құрды
Егер үш күн ішінде иесі табылмаса, олар арнайы екпе арқылы өлтіріледі. Осы ақпаратты естіп, жануарларға жаны ашыған Сергей Снегирёв иесіз иттерді қамқорлығына алады. Ол төртаяқты жануарды өлімнен құтқарып қана қоймай, адамға пайдасы тиетіндей етіп үйретіп, асырағысы келетін жандарға табыстайды.
Қаңғыбас иттерге арналған изоляторды көрген Сергей Снегирёв адамның досы саналатын төртаяқтылар үшін арнайы үйшіктер жасауды қолға алыпты. «Алайда барлық итті қамқорлыққа алу мүмкін емес», – дейді ол. Себебі орын жоқ. Сондықтан ол қарым-қатынасқа икемі бар, мейірімді иттерді таңдап алады. Содан соң оларды мал дәрігеріне көрсетіп, тексеруден өткізеді.
Сергей Снегирёв, жануарлар жанашыры:
- 1,5 жыл ішінде 100-ден аса жануар біз арқылы өзінің жаңа иесін тауып, өмір сүріп жатыр. Біз олармен үнемі байланыстамыз. Бейнежазбалар, фотосуреттерін жіберіп тұрады. Бәрі риза. Сәтсіз ортаға тап болған ит жоқ. Сондай-ақ бізге итті қайтарған жағдай болған емес.
Иттерді жаңа қожайындары өздері таңдамайды. Олардың үй жануарын асырап, бағатын әлеуетін анықтау – Сергейдің міндеті. Қазір оның қамқорлығында 110 ит бар. Волонтер оларды өз қаражатына бағып отыр. Айтуынша, жануарлар үшін айына 800 мың теңге жұмсайды екен. Айтпақшы, иттер тек «бағамын» дегендерге таратылмайды. Үйретілетіндерін Сергей кинологиялық мектепке тапсырады.
Сергей Снегирёв, жануарлар жанашыры:
- Бұл жерде үйретудің базалық жаттығулары жүргізіледі. Адал, адаммен қарым-қатынас жасауға бейімді иттер таңдалып, арнайы кинологиялық мектепке жіберіледі.
Арада 2-3 ай өткенде үйретілген иттер ерекше балалармен байланыс жасауға дайын болады. Бұл – Қазақстанда әлі дами қоймаған емдік шараның бір түрі. Жануармен бірге жаттығу балалардың қоршаған ортамен байланыс жасау қабілетін дамытады. Ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленетін орталықтың жетекшісі: «Бұл емнің нәтижелері жаман емес», – дейді. «Пет-терапия» деп аталатын әдіс балалардың қорқынышын азайтып, жаңа достар табуына септеседі.
Салтанат Мұрзалинова-Яковлева, инклюзивті бағдарлама орталығының жетекшісі:
- Бұл иттердің тарихы қызық. Сергейдің мұқият таңдауынан өтіп, ұзақ дайындалған иттер туралы біз балаларға айтып береміз. Олар кез келген уақытта өмірді өзгертіп, өзгелерге пайда әкелетін, қуантатын жолды таңдауға болатынын түсінеді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың дәрменсіздігі ұмытылып, «бәрін жасай аламын» деген сенім пайда болады.
Волонтер иттерді үйрететін өзінің орталығын ашуды жоспарлап отыр. «Сонда иттерді медициналық мекемелерге тасымай, балалар өздері орталыққа келіп, сүйікті жануарларын көріп, ойнай алар еді», – дейді Сергей.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Нурдаулет Жаксыбаев