Қарағандылық мүмкіндігі шектеулі азамат кәсіп ашты
Тәубәхан Оңалханның тумысынан екі аяғы, бір қолы жоқ болса да, жиһаз жасап, нәпақасын тауып отыр. Шебер жалғыз қолындағы үш саусағымен үлкен істер тындырып жүр. Тіпті қолы бос кезде ән айтып, спортпен де шұғылданады екен. Тәңірден тәубесін үзбеген Тәубәханның бойында тағы қандай өнері бар?
Тәубәхан Оңалхан 1972 жылы Моңғолия жерінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Тумысынан кемтар. Ұсталықтың қыр-сырын әкесінен үйреніпті. Қазір үйінің бір бөлмесінен шеберхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Осылайша жан жарасының емін еңбектен тапқан.
Тәубәхан Оңалхан, шебер:
- «Дөңгелек үстел керек», – деп тапсырыс береді. Соны 5 мың теңгеге істеп беремін. Соған қанағат етемін.
Шеберге тапсырыс берушілер өте көп. Орындық, үстел тәрізді үй жиһаздарын ол келістіріп жасайды. Бұған қоса пышақ, балта, балға секілді құрал-сайманның сабын жонып, етік тігумен де айналысады екен.
Тәубәхан Оңалхан, шебер:
- Үкіметтен «алақан жайып, бір нәрсе сұрау» деген теріс деп ойлаймын. Қолыңнан келіп тұрған нәрсені өзің жасап, істеп: «Мынаны әрі қарай дамытқым келеді, осыған қандай көмек бар?», – десеңіз Үкімет қаратып қоймайды ғой.
Тәубәхан отбасын құрмаған. Қазір інісімен бірге тұрады. Одан өрбіген немерелері көзқуанышы, жұбанышы екен.
Мәдина Оңалхан, Тәубәханның немересі:
- Атам – өте жақсы, қамқор кісі. Біз сабақта болғанда кішкентай сіңілімізді ойнатады, қарайды. Біздің сынып қалған заттарымызды, етігімізді жөндеп береді. Өте мейірімді, қолынан көп нәрсе келеді.
Тәубәхан қолы қалт еткенде дойбы, шахмат ойнағанды ұнатады. Көптеген облыстық, аудандық жарыста топ жарып жүр. Бұған қоса ән айтуды жаны сүйеді. Аудандағы түрлі мәдени шаралардан тыс қалған емес. «Ол ән шырқағанда жаны тебіренбейтін адам жоқ», – дейді ауылдастары.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев