Қымбат Хангелдина Қазақстан Журналистика академиясының академигі атанды
Біздің арнамызда еңбек жолын бастап, елдің ықыласына бөленіп, басшылық қызметке дейін көтерілген журналистер аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Журналистика академиясының мүшелерінің қатарына қосылған Қымбат Хангелдина.
Танымал тележүргізуші, «Хабар» Агенттігі АҚ Алматыдағы филиалының басшысы Қымбат Хангелдинаға Қазақстан Журналистер академиясының мүшесі куәлігін Академияның басшылары кеңсемізге арнайы келіп табыстады. 1991 жылы құрылған бұл қоғамдық ұйымға бүгінде 71 адам мүше.
Сағымбай Қозыбаев, Қазақстан Журналистика академиясының президенті:
- Қымбат Хангельдинаның кандидатурасына барлығы бірауыздан дауыс берді. Мұның өзі оның беделін, кәсіби маман екенін білдірсе керек. Сондай-ақ бұл Қымбат Садыбекқызы еңбек етіп келе жатқан «Хабар» Агенттігіне деген сенім деп ойлаймын.
Телевизияда еңбек жолын жаңалықтар дикторы болып бастаған Қымбат Хангелдина көп ұзамай көремендерге танымал болды. Сондай-ақ ол саяси, әлеуметтік, ойын-сауық бағдарламаларын жүргізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Қымбат Хангелдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:
- Қазақстан Журналистер академиясының мүшесі болу мен үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын. Өйткені Олжас Сүлейменовпен, Мұрат Әуезовпен, Нұртөре Жүсіппен бір қатардамын. Мен үшін өте үлкен баға мұның барлығы. Бұл жоғарғы баға тек қана менің ғана емес, осы «Хабар» Агенттігі ұжымының бағасы деп ойлаймын.
Атап өту керек, Қазақстан Журналистер академиясына «Хабар» Агенттігінің бірнеше майталман журналисі мүше. «Бұл Агенттіктің «үздіктерді» тәрбиелейтін мектеп екенін көрсетеді», – дейді Академия басшылары.
Алмаша Аренова, ҚР СІМ өкілі:
- «Хабар» Агенттігі 25 жылда әлемдік деңгейдегі заманауи құрылымға айналды. Мен қызметіме байланысты шетелде көп боламын. Сыртта жүріп елдегі ресми, шынайы, дәлелді ақпараттарды Агенттіктің сайттары арқылы алып отырамын. Себебі мұнда тек сенімді ақпарат бар.
«Хабар» Агенттігіне тілші болып келіп, кейінірек жүргізуші, комментатор, басшылық қызметте шыңдалған әріптестеріміз аз емес. Бүгінде Агенттіктің Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин, Қазақстан арнасының басшысы Ләззат Танысбай, танымал жүргізушілер Айгүл Мүкей, Зейін Әліпбек, Агенттіктің Алматы филиалы жаңалықтар бөлімінің продюсері Ләззат Айтханқызы секілді журналистер «Хабардың» іргесі қаланған алғашқы жылдардан бастап еңбек етті. Қазір басшылық қызметте болса да Ерлан Қалижанұлы мемлекет басшыларынан сұхбат алып, Басқарма Төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы «7 күн» сараптамалық бағдарламасын жүргізеді. Олар «осы салада еңбек етсем» деген жастарға үлгі.
Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев