Латын графикасының жаңа нұсқасы таныстырылады
Жұмыс тобына 40-тан астам жоба түскен. Ғалымдар солардың барлығын саралап, әліпбидің барынша жетілдірілген нұсқасын әзірлеуде. Сәтін салса, әліпби нұсқасына нүкте қояр күн де алыс емес. Қазақ тілінің барлық дыбыстың қамтылуы, «Бір дыбыс – бір таңба» сияқты негізгі талаптар басшылыққа алынған екен.
Әліпбиді жетілдіру. Латын графикасын жасауға жауапты төрт жұмыс тобы бар десек, соңғы екі айда оның қай-қайсысында да қызу жұмыс жүргізілді. Қарапайым болып көрінуі мүмкін, бірақ таңба – ол жазу мен дыбыстау ғана емес. Ғалымдар әліпбиді жетілдіруде оның қаржы және техникалық операциялар тіліне де сай болуын негізге алуда.
Анар Фазылжанова, «Тіл – қазына» орталығының ғалым-хатшысы:
- Бір қуантарлық жағдай, орфографиялық жұмыс тобындағы тіл танушы ғалымдардың пікірі мен басқа жұмыс тобындағы әдіскерлердің пікірі, ІТ мамандарының пікірі, терминология тобындағы сала мамандарының пікірі бір бағытта болды.
Жалпы латын графикасына көшу туралы шешім осыдан 2-3 жыл бұрын қабылданды. Нәтижесінде «Акут» нұсқасы көңілден шықты. Бірақ студенттер мен ғалымдар арасында жүргізілген сынама жұмыстары оның әлі толық жетілмегенін көрсетті. Осы аралықта семинарлар мен кездесулер өз алдына, еліміз бойынша 400-ден астам маман дайындалды. Жалпыхалықтық диктант өткіздік. Енді әліпбидің жаңа нұсқасы қабылданады. Сонда бұған дейінгі жасалған еңбек текке кетті ме?
Гүлфар Мамырбек, филология ғылымдарының кандидаты:
- Мүлде олай емес. Өйткені біз кирилицада отырған халық латын графикасына қарай бет бұрдық. Қазіргі жөнделіп, жетілдірілетін нұсқаны мұғалім болып істеп жүрген адам оңай қабылдай алады. Егер 1-сыныптағы балаға өтіп кетіп, 1-сыныпқа барғанда «бұл әліпбиді өзгерту керек» деп ұсынып жатсақ, онда шаруа қиындайтын еді. Бірақ бізде мектеп жүйесіне енгізілген жоқ.
Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
- Министрлікке 40-тан астам ұсыныс келіп түсті. Ол математиктен де, инженерден де, тіл мамандарынан да түсті. Соның ішіндегі ең шоқтығы биік үш әліпбиді ғалымдардың өздерінің таңдауымен талқыға салып, талдап жатырмыз.
Үш жоба кеңес талқылауында қаралудан бұрын, әлеуметтік желілер, аймақтағы тіл басқармаларының, түрлі оқу орындарындағы тіл мамандары арасында ашық талқылаудан өтіпті. Ал БАҚ-та әліпбиді жетілдіруге байланысты 90-ға жуық материал жарық көрген. Енді барлық ұсыныс-пікір сүзгіден өткізіліп, жақын күндері әліпбидің жаңа нұсқасы таныстырылады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұылы, Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев, Серік Қоңырбаев