Шемонайха ауылында тұрғындар су тасқынынан қауіптеніп отыр
Шемонайха, Алтай, Глубокое аудандары мен Риддер қаласында қазір қардың қалыңдығы 2-3 метрге жеткен. Кейбір елді мекен тұрғындары қора-қопсы мен орталық жолға шығу үшін қарды ойып, өткел жасап қойған. Енді күн күрт жылынса: «Су баса ма?», – деп қауіптеніп отыр.
Шемонайха ауданында қазір алты жастағы баладан алпыстағы қарияға дейін қолында күрек. Әсіресе қаңтар мен ақпанда толассыз жауған қар халықты титықтап жіберді.
Ермек Қасымханова, зейнеткер:
- Қардан шыға алмаймыз. Мен мына қызымның үйіне кіре алмай, анау тар жерден жүре алмаймын. Мына қарды трактормен былай қарай көміп-көсіп апарып, мына үйлердің алдын ашса деп ойлаймын.
Үйлердің алдындағы қар шатырға жетіп тұр. Ал аудан орталығынан алыс кейбір ауылдардың жолы тек бір бағытта ғана. Бірақ оның өзінен жеңіл көлік әрең жүреді.
Олжас Керейхан, тілші:
- Бұл шығыстағы солтүстік аудандардағы қазіргі көрініс. Қардың қалыңдығы шамамен 2-3 метр болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, биыл қыста өткен жылдармен салыстырғанда 2-3 есе көп жауған. Енді күн райы күрт жылынса, әсіресе ойпаң жердегі ауылдарды су басу қаупі бар.
Малдың бәрі қар басқан қорада тұр. Жем-шөп беру үшін бірізді ойық-апан жасап қойған. 50-ден астам түтін бар. Межовка ауылындағы оқушыларға мектепке жету үлкен мәселе.
Роман Барсуков, Межовка ауылының тұрғыны:
- Мектеп оқушылары орталық жолға омбылап әрең жетеді. Бұрын да осындай қар көп болған. Бірақ биыл жол тазалап жүрген бірде бір техниканы көрмедік. Әкімдік тек ауыл сыртындағы негізгі автокөлік жолын ғана ашады.
Шемонайха ауданында 7 ауылға тасқын қаупі төніп тұр. Тасқынға тосқын жасап, қар тазлауға биыл аудан бойынша 42 млн теңге бөлген. Бұл қаржы тіпті қар күреуге де жетпей отыр.
Бақытжан Молдаханов, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары:
- Ақша жетпей қалды. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруды сұрап отырмыз. Бюджеттік өтінім жібердік. 30 млн-дай қаржы сұрап отырмыз.
Облыстан сұраған қаржы бөлінгенше, аудандағы шаруа қожалықтарының техникасын пайдаланбақ. Ал қар құрсауындағы ауыл тұрғындары күн райының күрт жылынбауын тілеп отыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин