Атырау облысы қатерлі ісік ауруы бойынша алдыңғы орында тұр
Өкінішке қарай Атырау облысы қатерлі ісік ауруы бойынша алдыңғы орында тұр екен. Алаңдатарлық жағдай. Оның басты себебі – экологиялық ахуал. Әрі мұнайлы өңір тұрғындары көп салғырттыққа бой алдырады. Бұл ретте еліміз бойынша енгізілген МӘМС жүйесінен күтер үміт мол. Осы жаңа жүйе азаматтардың уақытылы тексерілуіне, дәрігерлік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Облыстық онкологиялық диспансерінде айына 30-40 науқасқа операция жасалады. Олардың алды сауығып қатарға қосылып та жатыр. Солардың бірі Жылыой ауданының тұрғыны Абылай Тілепбаев ағзасында қатерлі ісік пайда болғанын білмей қалғанын айтады.
Абылай Тілепбаев, емделуші:
- Асқазанымнан қан кетті, ота жасады. Ота сәтті шықты. Онан кейін химия терапия алдым. 6-7 ай осы жерде емделдім. Қазір денсаулығым жақсы, тексеруге 3 ай сайын шақырып тұрады.
Өкінішке қарай обырға жасалған операция үнемі сәтті бола бермейтіні ақиқат. Былтыр облыс бойынша 396 науқас қатерлі ісіктің құрбаны болған. «Бір алаңдатарлығы, қатерлі дерт жасарып бара жатыр», – дейді мамандар.
Эльмира Сапарова, облыстық онкологиялық диспансер бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- 25-30 жас аралығында асқазанның қатерлі ісігі кездесіп жатыр. 18 жасар қыз бала да есепке алынып, ота жасалды. Бұл жастардың өз денсаулығына салғырттықпен қарауы деп ойлаймыз.
Онкологиялық диспансерде жас ерекшелігіне қарай скрининг тексеру ұйымдастырлады. Бұл да қатерлі ісікті дер кезінде анықтап, ем қолдануға мүмкіндік береді екен. Осы ретте онколог-дәрігерлер әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмысына үлкен үміт артады. Жаппай тексеру кезінде онкологиялық ауруға шалдыққан жүздеген адам анықталыпты.
Сағымбек Аронов, ӘМСҚ Атырау облысы бойынша бас сарапшысы:
- Атырау облысы бойынша 58 медициналық мекеме осы МӘМС бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Оның 21-і жекеменшік мекеме де, 37-сі мемлекеттік мекеме болып табылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жылына бір мәрте тегін тексеруден өтуге болады. Сондай-ақ кез келген азамат өзіне қолайлы емдеу орындарынан кеңес алуға құқылы.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев