Оқушы қыздар республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды
Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жатқан оқушы қыздар жақында «Қазақстанның 100 үздік жобасы» және «Зерде» республикалық байқауында топ жарды. Олар жасанды қан ойлап тауып, омарташылық өнімдері мен балдың емдік қасиетін ашып берген. Ал кәдімгі бананның қабығынан биопластик пен полиэтилен пакеттерін өндіруге болады екен.
Иә, кәдімгі бананның қабығынан адамдар күнделікті тұрмыста жиі қолданатын тауар түрлерін жасауға болады екен. Жоғары сынып оқушысы Айдана Қолдасбаева мен Дана Мәжит банан құрамындағы крахмалды пайдалана отырып, биологиялық пластик өндіруге болатынын дәлелдеп берді. Олардың пікірінше, бұл – экологиялық тұрғыдан өте таза материал. Болашақта пластмасса мен полиэтиленді алмастыра алады.
Айдана Қолдасбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Өзіміз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген пластик бұйымдарды іріту үшін ең кемі 5 ғасыр қажет. Ал бананның қабығынан өндірілген өнімнен жасалатын заттар 1 айда шіріп, жерге сіңіп кетеді. Менің ғылыми бағытым медицина саласына негізделген. Нақтырақ айтар болсам, трансплантацияға қажетті түтікшелер мен протездер жасағым келеді.
Тіпті бұл мектептің 4-сынып оқушыларының да мақсаты айқын. Ариана Слепых болашақта медицина ғылымының докторы болатынына бек сенімді. Ол жасанды қан ойлап тапқан. Ғылыми жаңалықты әзірге пайдалануға болмайды. «Бірақ болашақта осы жасанды қанға деген сұраныс арта түседі. Мен ол үшін талмай ізденемін», – дейді жас ғалым.
Ариана Слепых, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Менің қаным бірінші топқа жатады. Ал ата-анамдікі мүлде басқа. Сосын: «Бұлар мені біреуден асырап алған шығар», – деп ойлай бастадым. Зерттей келе, олай емес екеніне көз жеткіздім. Гетерозиготты генотипке жүгінсек, өмірде ондай жағдайлар бола береді. Менің қаным атамның қанымен бірдей екен.
Ал бастауыш сынып оқушыларының тағы бірі балдың емдік қасиетін зерттеумен айналысып жүр. Ол 5 жасынан бастап ата-анасымен бірге омартаға барып, ара балы жайлы мол мағлұмат жинаған. «Жетісу жерінде балдың 4 түрі өндіріледі. Олар небір ауруға ем», – дейді Ранона.
Ранона Жәлелқызы, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Басым қайызғақтанғанда балға тұз араластырып жудым, бірден көмектесті. Тап осындай әдіспен тісті де ағартуға болады. Менің бір сыныптасымның балға аллергиясы болды. Мен оған боз қараған балын жеп көруге кеңес бердім. Содан бері ол досым балдың тек сол түрін ғана тұтынатын болды.
Бұл оқушы қыздың барлығы болашақта өз өмірін ғылыммен байланыстырғылары келеді. Өйткені әлемде зерттеуді қажет ететін дүние мен түрлі құбылыс өте көп. Назарбаев зияткерлік мектебінің жас ізденушілері жақында «Қазақстанның 100 үздік жобасы» және «Зерде» республикалық байқауында топ жарды. Кім білсін, болашақта Нобель сыйлығын алулары да ғажап емес.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев