Қазақ телевизиясына үлес қосқан арулар сұхбат берді
Әдетте көрермен эфирден жүргізушілерді немесе журналистерді ғана көреді. Алайда кадр сыртында мыңдаған сұлу қатар еңбек етіп жатқанын айтуға тиіспіз.
Телевизия өнімдері бірнеше емес, көп маманның атсалысуымен эфирге шығатынын біреу білсе, біреу білмес. Олай болса, биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған «Хабар» Агенттігінің негізі қаланған күннен бастап жұмыс жасап келе жатқан бикештер бар.
«Хабар» Агенттігі Алматы филиалының бейнеқорында эфирден өткен сюжеттер мен деректі фильмдер, бағдарламалар жинақталады. Мұнда негізінен қыз-келіншектер жұмыс жасайды. Олар эфирге шыққан әрбір сюжетті қарап, тіркеуге алады. Қажет кезде журналистерге тарихи кадрларды тауып береді. Бұрындары ауыр-ауыр кассеталарды көтеріп жүрген болса, қазір заман талабына сай ақпаратты цифрлық жүйеге сақтайды. Осы бейнеқорға телевизия саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар Халида Барлыбекқызы басшылық етеді.
Халида Дайыржанова, бейнеқор меңгерушісі:
- Негізі телекөрсетілім саласына 1993 жылы бейнеинженер болып келдім. Содан 1995 жылы «Хабар» Агенттігі ашылды. Мен соған ауыстым. Онда да бейнеинженер болып қызмет еттім. 2000 жылы «Хабардың» базасында «Хабар-2» телеарнасы ашылды. Мен сол жақтың бейнеқорына ауыстым.
Ал күнделікті жаңалықтарға түсірілген бейне-ақпараттарды жинақтайтын аппарат бөлмесінде жұмыс әрдайым қызу: кадр сыртындағы дыбыс жазылады, мәтінге сай көрініс таңдалады. Байқағандарыңыздай мұның барлығы бір қолымен бесікті, бір қолымен заманауи техниканы меңгерген сұлулардың тынымсыз ізденісінің арқасында жүзеге асады. Режиссер мен оның көмекшісі тілшілермен бірге иық тіресе жұмыс жасайды. Алайда олардың қызметі кадр сыртында қалады.
Сәуле Дәулетқалиева, режиссер:
- Әдетте үйге түнгі сағат 22:00-23:00-де қайтамыз. Кейде таң атқанша жұмыста боламыз. Қажет кезде таңғы 6:00-де түсірілімге барамыз. Біз көпшілік жұрт демалатын мереке күндері де жұмыстамыз. Ондай кезде тіпті қарбалас болып кетеді. Бірақ маған өз жұмысым ұнайды.
Талай журналистті шыңдаған ұстаздарымыз Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов осы мамандықты таңдаған қыздарға: «Бұл сендердің істерің емес, ойланыңдар», – деуші еді. ХХ ғасыр соңындағы журналистердің ауыр техниканы меңгеру қажет болатынын ескертіп айтқандары болар. Бірақ бүгінде кез келген оқиғаның бел ортасынын ер азаматтармен қатар тайсалмай тікелей эфирде хабар таратып, халықтың көкейкесті мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп жүрген майталман қыз-келіншектер аз емес. Ал олардың әрқайсысы – бір үйдің ибалы келіні, аяулы жары, ардақты ана, сүйікті қызы.
Авторлары: Алуа Маханбет, Ерлан Шалбаев, Мұхит Құдықбаев