ШҚО-дағы Күршім ауданында 61 млн теңгенің 128 гранты берілді
Өткен жылы әлеуеті әлжуаз отбасыларға жалпы сомасы 61 млн теңгенің 128 қайтарымсыз гранты берілген. Осы демеу қаржыға ие болған көпбалалалы аналар қазір өз істерін жолға қойып үлгерді. Тігін цехын іске қосып, массаж бөлмесін де ашты. Бірқатары құс асырап, мал басын өсіріп жатыр.
Күршімде соңғы бір-екі жылда халықты жұмысқа орналастыру оң шешімін тауып келеді. Бұрын тек мал өсіріп, оның өнімін өткізетін. Ал былтырдан бері қызмет көрсету саласында өз кәсібін ашатындар көбейді. Жеті баланың анасы Айнұр Адаспаева өткен жылы мемлекеттен 505 мың теңге грант алып, массаж бөлмесін ашқан. Негізгі мамандығы дәрігер Айнұр үшін бұл жұмысты бастау оңай болды. Тек ертерек қолға алуға қаржы қолбайлау еткен.
Айнұр Адаспаева, көпбалалы ана:
- Халыққа массаж керек болған соң аштым. Сол сияқты жастар да түрлі орталық ашуға болады. Бала-шағамды осылай асырап отырмын.
Мадина Қазыбекова да мемлекеттік жобаның нәтижесін көрді. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша арнайы тағылымдамадан өтіп, ол да 505 мың теңге грантқа ие болды. Шағын тігін цехын ашып, қазір ауылдастарының тапсырысын орындап отыр. Сәнді көйлектен бастап әскерилер мен құзырлы орган қызметкерлерінің формасын да тігеді. Шағын цехта өзі ғана жұмыс істейді. Енді осы кәсібін кеңейтіп, тағы бірнеше тігінші алуды жоспарлап отыр. Осылайша аудандағы оқушылар мен мұғалімдерге мектеп формасын тігеді.
Мадина Қазыбекова, жас кәсіпкер:
- Мұғалімдер арнайы форма тіккізгілері келеді. Бір мектеп тапсырыс берді. Енді тағы да басқа мектептерден алғым келеді. Сол үшін қасыма адам іздеп жүрмін.
Былтыр мемлекттен 59 көпбалалы отбасы грант алды. Аудан әкімдігі бизнес бастағысы келетіндерді оқытып, нақты бағыт-бағдар беруде.
Күршім шекаралық аудан болғандықтан, биыл оны дамытудың жан-жақты бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша осы жылы облыстық және республикалық бюджеттен 57 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаржының бір бөлігі аудандағы шағын бизнесті дамытуға жұмсалады.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов