Балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды
«Білім және ғылым салаларында алдын алу шаралары қабылданды. БҒМ тиісті бұйрығы шығып, оны барлық білім беру ұйымы мен облыстардың білім басқармаларына жеткіздік. Сол бұйрықта ең басты тапсырмалар берілді. Ең біріншіден, балабақшаларға тоқталар болсақ, алдын ала ақпарат бергендей, балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды. Бірақ біз ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай, балабақшаға бармауды ұсынамыз. Мұның алдында бұйрыққа сәйкес бала бірнеше күн бойы балабақшаға келмесе, шығарылатыны туралы норма бар еді. Біз қазір ол норманы алып тастадық», - деді Асхат Аймағамбетов. Яғни баланың орны сақталатынын айтты.
«Олимпиадаларды да кейінге шегердік, «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлеріне балалар жіберілмейді. Колледж бен ЖОО-ларда жалпы проблема жок, жүйелер дайын. Жатақханалар мәселесі бойынша, студенттерді үйге қуа алмаймыз, басшыларға тиісті тапсырма бердік. Әр студент өз бөлмесінде болуы тиіс. Балалар үйлері де жұмыс жасай береді», – деді министр.