Коронавирус кең тараған елдерден Қазақстанға 2 914 адам келді
Олардың дені эпидемиологиялық қаупі жоғары елдерден оралған. Қазір мұндай елдерге Қытай, Иран, Оңтүстік Корея және Италия жатады.
Ең көп адам Қытайдан келген. Олардың жалпы саны 1 454 адам. Олардың 401-і карантинге жатқызылса, 232-сі шыққан, 169 адам әлі күнге оқшауланып жатыр. Екінші орында Оңтүстік Корея. Бұл елден Қазақстанға 819 адам келген. Солардың 699-ы әлі күнге медициналық оқшаулануда. Ал Ираннан 69 адам келсе, соның 68-і карантинге жатқызылған. «35-і қазір карантиннен шықты», – деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі. Ал Италиядан келген 37 азаматтың барлығы карантинде жатыр. Сондай-ақ Франциядан 17, Германиядан 217, Испаниядан келген 31 адам үйде оқшауланған. Ал қазір ел бойынша жедел респироторлық вирустық инфекция және тұмау белгілерімен 23 адам ауруханада жатыр. Сондай-ақ Швейцария, Ұлыбритания және Нидерландыдан келген 267 адам медициналық бақылауда тұр, олардың 58-і қазақстандық. Ал бүгінгі мәлімет бойынша COVID-19-ды жұқтырғандар саны әлем бойынша 134 мыңнан асты.