Елімізде азық-түліктің 1,2 млн тонна қоры бар
Бұл көлем 5-6 ай мерзімге еркін жетеді. Демек сауда орындарында тауар таусылуы мүмкін емес. Бір жағынан әлеуметтік желіде халықтың жаппай азық-түлік сатып алып жатқаны туралы түрлі бейнежазбалар тарауда.
Бұл сауда желісінің барлық дүкені қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Айта кетейік, кешкі уақытта мұнда келушілердің қатарының көбеюі үйреншікті жағдай екен. Мұнда дүрмекке ілесіп, дүрлігіп жүрген ешкім жоқ. «Ал әлеуметтік желідегі босап қалған сөрелер жаңа тауарларды орналастыру кезінде түсірілген», – дейді дүкен қызметкерлері.
Мұхамедәли Әбдіқадыров, сауда үйінің директоры:
- Тұтынушыларға арналған заттар толығымен жеткілікті. Бағаға келетін болсақ, тұрақты. Ешқандай бағаны жақын арада өсіру туралы жоспарымыз жоқ. Алып жатқан тауарлары күнделікті тұтыну тауарлары деп айтуға болады.
Ертіс өңірінде дүкендердегі азық-түлік бағасын бақылау мақсатындағы мониторинг шаралары күніне бір емес, үш рет жүргізілетін болды. Ірі сауда орындарында халықтың дүрлігуі мен өнім тапшылығы байқалмайды. Мамандардың айтуынша, соңғы күндері тек қант бағасы қымбаттаған. Себебі Ресейден тасымалданады. Қазіргі уақытта облыс орталығында 30-ға жуық әлеуметтік дүкен бар.
Түркістанда да азық-түлік бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Мамандар облыстың тұрақтандыру қорында 8 мың тоннадан астам картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат барын айтады. Сонымен қатар, үлкен көлемде қант, күріш және макарон сатып алынбақ. Бағаны тұрақтандыру шараларына 1 млрд 800 млн теңге қарастырылған. «Соған байланысты сатып алу, сату жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді жауапты мамандар.
Ал Қостанай облысында қазір 9 мың тоннадан астам азық-түлік қоры бар. «Әлеуметтік маңызға ие 14 тағам түрі бойынша өңірде еш тапшылық жоқ», – дейді мамандар. Мысалы қоймалардағы ұн және ұн өнімдері 1,5 жылға жетеді. Ет, картоп, көкөністің 6-7 айға есептелген қоры бар. Және қажетті көлем үнемі толықтырылып отырады. Тұрақтандыру қорының тауарлары өңірдегі 120 дүкенде сатылады. Оның сыртында үнемі жәрмеңке өткізіп тұрамыз. «Осы күнге дейін 65 жәрмеңке ұйымдастырылды», – дейді мамандар.
Атырауда әкімдік пен ірі сауда орталықтарының басшылары шағын дүкендердегі бағаларды бақылауға алды. Мақсат – тұрғындар арасындағы үрейге байланысты тамақ бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу. Сондай-ақ «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік қорын жасақтауға міндеттенді. Оған нан, қант, өсімдік майы секілді 19 түрлі тағам кіреді.
Азық-түлік қоры жеткілікті екені белгілі. «Ал сол тауарлардың құны негізсіз өсіп кетпей ме?» деген сауал кім-кімді болса да алаңдатары хақ.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Кәсіпкерлер себепсіз бағаны көтерсе, біздің тиісті аталған комитеттерге хабар беріледі де, соған байланысты мемлекеттік органдар өзінің жұмыстарын жүргізеді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Біздің ұнымыз керегімізді 204% қамтамазыз етеді. 144 мың тонна күріш өндіреміз, бұл 190% қамтамасыз етеді. Макарондар өндірісі бүгінгі таңда 165 мың тонна, оның тұтыным 153 мың тоннаны құрайды.
Қорыта айтқанда «сауда орындарында тауар таусылуы мүмкін» деген сөз шындыққа жанаспайды. Мұны Ауыл шаруашылығы министрі айтты. Қазір әлеуметтік маңызға ие азық-түліктердің 1,2 млн тоннадан астам қоры бар. Өнімдер 5-6 айға жеткілікті. Бұл тек қор ғана. Одан бөлек азық-түліктің барлық түрі өндіріліп жатыр. Шикізат та аз емес. Ет-сүт өнімдерін алатын мал саны да жеткілікті.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы