Коронавирус жұқтырған науқастар дәрігерлерден үміт күтеді
Инфекциялық ауруханадағы дәрігерлердің жұмысы шағын кеңестен басталады. Күнде таңғы сағат 07:30-да ақ халаттылар науқастардың температурасы, жалпы жағдайы туралы ақпаратты тіркеп, әріптестеріне кезегін тапсырады. Содан кейін бір реттік бетперде, көзілдірік пен қолғап киген дәрігерлердің келесі легі қызметке кіріседі.
Сәуле Атығаева, инфекционист дәрігер:
- Коронавирустың таралу деңгейі жоғары мемлекеттерден келгендер жатқан ауруханада жұмыс істейміз. Қазір инфекциялық бөлімде Оңтүстік Корея мен Италиядан келгендер карантинде жатыр. Сондай-ақ мұнда ҚХР-дың бірнеше азаматы бар.
Аурухана қабырғаларын бойлай ауа тазартатын құрылғылар орнатылған. Палаталардың да ішінде бар. Құрал-жабдықтарын көрсеткен дәрігер карантинде жатқандарды тексеруге кірісті. Инфекционист алдымен Италия, кейін Сеулден келгендерді бақылап шықты.
Ал бұл – ауыр халдегі науқастарға арналған палата. Мұнда өкпесі қабынып, тыныс алуы қиындаған адамдарға көмек көрсетіледі. Бір қуанарлығы, елімізде індет жұқтырғандар анықталғанымен арнайы палата әлі бос. Дегенмен шетелден келіп жатқандар көп. Сондықтан ақ халаттыларға тыным жоқ. Олар карантинге алынғандардың келесі легін күтіп отыр.
Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова