Ақтөбеде балабақшалар қалыпты жағдайда жұмыс істеуде
Қазір мектепке дейінгі ұйымдар қалыпты режимде бүлдіршіндерді қабылдап, төтенше жағдайға қарамастан қызметін жалғастырып жатыр. Тек тазалық шаралары күшейтілген. Ата-аналарға да балаларын бақшаға күнделікті жетектеу міндетті емес. Сондықтан бөбектердің үйде қалғандығы байқалады. Мәселен, кеше Ақтөбе облысындағы балабақшалар тек 50% ғана толыққан.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қайырлы күн, Азамат! Расында да бөбектерін үйінде қалдырған ата-аналар аз емес. Жалпы Ақтөбе қаласында 22665 бала мектепке дейінгі білім беретін мекемеге баратын болса, соңғы ақпаратқа сәйкес қазір соның тең жартысы қоғамдық орындарға барудан бас тартқан сыңайлы. Біз де қауіпсіздік ережелерін сақтап, балалардың бөлмесіне кірмеуді жөн санадық. Қазір өңірдегі барлық балабақшада тазалыққа ерекше көңіл бөлінуде. Ғимарат ішін мамандар күніне бірнеше мәрте жуып, әлсін-әлсін бөлмелерді желдетіп тұрады. «Балаларға да жеке гигиенаның маңыздылығын күнделікті айтып отырамыз», – дейді. Солай емес пе?
Айгүл Саликова, «Үміт» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі:
- Біздің балабақшада күнделікті тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Балалардың дене қызуы өлшенеді. Дезинфекциялық құралдармен тазалау шаралары жүзеге асады. Тәрбиешілер балаларға қол жуу, түшкіру гигиенасын үйретеді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Мұндай шаралар облыс орталығындағы 150 балабақшаның барлығында қолға алынған. Ал бүлдіршіндерін үйде қалдыруды орынды деп шешкен ата-аналар тәрбиешілерге хабарласып, ескертсе ғана болғаны. Бөбектердің келмеген күніне ақы алынбайды. Олардың орны сақталады.