Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды
Тағы біреуін Ақмола облысының басшылары орнатты. Осылайша қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылды.
Сағат түнгі 12 маңайы. Бекеттерде кезекшілік атқаратын қызметкерлерге берілген соңғы нұсқаулықтар. Бірер минуттардан кейін Нұр-Сұлтан карантинге жабылады.
Риат Шони, тілші:
- Бұған дейін айтылғандай, Нұр-Сұлтан қаласына кіріп-шығуға шектеу түнгі сағат 00:00-ден бастап қойылды. Біз Нұр-Сұлтан – Киевка – Теміртау бағытындағы бекетте тұрмыз. Дәл осындай темір бетоннан қойылған бекеттер шаһарды жағалай 6 жерде қойылған екен. Ал бұл жерлерде тәулік бойы кезекшілікті жедел жәрдем қызметі, патрульдік полицейлер және де әскерилер атқаратын болады.
Индира Мұсабаева, жедел жәрдем қызметінің фельдшері:
- Басында қорықтық. Ал қазір шынын айтқанда үйреніп қалдық. Полиция қызметкерлерімен бірге жүреді. Сол байланыс болған немесе дене қызуы бар адам болса, міндетті түрде бізді шақырады. Біз көлікке алып барып тексереміз. Арнайы киім бар.
Негізі қалалық әкімдік шаһарды жағалай 6 бекет орнатқан еді. Тағы қосымша біреуін Ақмола облысының басшылары қойыпты. Жалпы шаһар маңындағы Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Қосшы, Жібек жолы елді мекендерінің тұрғындары елордаға еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Оларға жұмыс орнынан немесе мекенжай анықтамасы қажет емес. Ал наурыздың 22-СІнен бастап бас шаһар толығымен жабылады.
Мадияр Айтуғанов, Есіл аудандық полиция басқармасының бастығы:
- Қазіргі таңда 22 наурызға дейін барлығына барынша қалаға қайтып кіруіне мүмкіндік беріліп жатыр. Коронавируспен жолаушы келген жағдайда бұл жерде жедел жәрдем қызметкерлері көлікке отырғызып, ауруханаға апарады.
Айта кету керек, мұндай сақтық шаралары елде коронавирустың өзге аймақтарда таралып кетпеуі үшін қолға алынып отыр. Өйткені инфекция жұқтырғандардың саны елордада 25-ке дейін жетті.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Сұлтанғазы