+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қарағанды облысында карантинге жатқызылғандардың саны 148 адамға жетті

  • Категория: Қоғам
Қарағанды облысында карантинге жатқызылғандардың саны 148 адамға жетті

Дегенмен бүгінгі күні 22 адам үйлеріне қайтарылған.

Қауіпті індет тіркелген жоқ. Қазір өңірде сақтық шаралары күшейтілді. Әсіресе кісі қарасы көп жиналатын ірі сауда орындарында зарарсыздандыру жұмыстары әрбір екі сағат сайын жүргізіліп жатыр.

Польша азаматы Доминик Дерен карантиннен шықты. Ол Қарағандыға қыдырып келген. 14 күн бұрын ыстығы көтеріліп, бірден дәрігердің көмегіне жүгініпті.

Доминик Дерен, Польша азаматы:

- Басында үрей болды. Дәрігерлердің қамқорлығын, жылы қарым-қатынасын көрген соң қорқыныш бірден сейілді. Ол жерде денсаулығымды күнделікті бақылап отырды. Қазір жағдайым жақсы.

Бүгінгі күні Қарағанды облысы бойынша 22 адам карантиннен босатылды. Олардан қауіпті індеттің белгілері байқалмаған. Қазір аймақтағы емдеу мекемелері жанынан 2 500 орындық арнайы госпиталь дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Хатуна Девдариани, Жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі:

- Әуелде жұрттың арасында оқшаулауға қарсы болғандар болды. Бірақ кейін қауіпсіздік шарасының қоғам үшін аса маңызды екенін жұрт түсінді. Біз мұнда оларды тәулік бойы бақылауда ұстаймыз. Интернет желісіне, ұялы телефон қолдануға ешқандай шектеу қойылмаған. Үйдегі жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Тек ғимараттан шықпаса болды.

Қазір өңірдегі кісі қарасы көп жиналатын дүкен, дәмхана секілді 2 661 орын қатаң бақылауға алынған. Әсіресе ірі сауда орталықтарында зарарсыздандыру жұмыстары күшейтілді. Себебі азық-түлік алуға ағылған жұртта есеп жоқ. Сондай-ақ бүгінгі күні 473 нысан жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл: кинотеатрлар, ойын-сауық кешендері, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары.

Мақсат Әбілқасов, сауда орталығының директоры:

- Халық саны, тұтынушылар саны осы күндері көбейді. Бірақ біздің қорымыз жеткілікті. Тұтынушыларымызды қамтамасыз етеміз.

Күнделікті тұтынатын тағамдардың бағасын жергілікті билік бақылауға алған. «Негізсіз өсіруге жол бермейміз», – деп отыр олар. Қазір қоймаларда және тұрақтандыру қорында 66 мың тонна ұн, қант, жарма, күнбағыс майы және көкөніс бар. Бұл шамамен бір айға жетеді. Дегенмен облысқа азық-түлік әлі де жеткізілу үстінде.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...

Серіктестердің жаңалықтары