COVID-19 індетін жұқтырған соңғы 2 адам карантинде болған
Қазір олар тиісті ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Екі пациент те бұған дейін осы індетті жұқтырған жандармен байланыста болған. Екеуі де стационарлық карантинге жатқызылған. Осылайша Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 25 адамға жетті. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 22 пациент, ал балалар жұқпалы ауруханасында 2 бала және індетті жұқтырған 1 ана емделіп жатыр.
Тілеухан Әбілдаев, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі:
- Қазір екі аурудың, оның ішінде бір баланың денсаулығы орта ауырлық жағдайда. Қалған пациенттердің денсаулығы қанағаттанарлық. Бүгінде қаланың провизорлық госпитальдерінде карантинде 660 азамат, ал үй карантинінде 1472 адам, қосымша карантиндік стационарларда 778 адам бар. Карантинге оқшауланған барлық азаматтың дене қызуы қалыпты деңгейде, катаральдік ауытқулары жоқ.