Көкшетау мешітінде бетперделер халыққа тегін таратылып жатыр
Бұл істі мешіт жанынан ашылған «Зейнеп» тігін шеберханасы қолға алған. Тігіншілікті меңгерген әйелдер қауымы қазір бір күнде 500 дана бетперде тігіп жатыр. Олар алдағы күндері бұл көрсеткішті 2 есеге дейін арттыруға ниетті. «Себебі маска сұрап келіп жатқан тұрғындар өте көп», – дейді мешіт имамдары. Айта кету керек, мұндағы қыз-келіншектердің барлығы тегін еңбек етіп жатыр. Енді олардың қатарына осындай қайырымды істің жасалып жатқанын естіген әуесқой және кәсіби тігіншілер де қосыла бастаған. Ал масканың саны шектеулі болғандықтан, мешітке келген адамдарға тек бір-бірден ғана беріледі.
Дәния Құдайбергенқызы, қала тұрғыны:
- Мен осы ауру келгеннен бастап үйде маска тігіп отырмын. Негізі басқа тапсырыстар келген. Сосын кеше мешітке де тігу керек екенін естідім. Кешеден бері мешітке маска тігуді қолға алдым.
Қуаныш Сәбит, облыстық мешіттің бас имамы:
- Кешеден бері әлеуметтік желіге Көкшетаудың сыртындағы елді мекендерден де хабарласты. Сол азаматтарға волонтерлеріміз арқылы жеткізіп беруді де жоспарлап отырмыз.