Елордалық жас жұбайлар некелерін онлайн қиды
Елордалық Азамат пен Әсел шаңырақ көтеру тойларын наурызда келетін үлкен мерекеге орай жоспарлаған. Бірақ елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты салтанатты жиынды кейінге қалдыруға тура келіпті. Десе де бұл жағдай екі жастың неке қиюына кедергі келтірмесе керек. Құдалық болмаса да, екі жақтың үлкендері телефон арқылы келісіп, жастарға батасын берген екен. Жас жұбайлар #үйдеотыр челленджін қолдап, сұхбатты да онлайн берді.
Азамат Асқарұлы, қала тұрғыны:
- Біз ата-анамызға хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Телефон арқылы олардың ақ батасын алдық. Имамға хабарласып, шағын ғана туысқандарымыздың арасында келінді үйге түсіріп, сол жерде сырғасын тағып, некемізді қиған жайымыз бар. Әрине, той жасаған жақсы, бірақ әлемде осындай жағдай туып тұрған шақта біз де Қазақстанның азаматы ретінде өз жауапкершілігімізді білдірдік деп ойлаймын. Біздің қолымыздан келетін іс – қауіпсіздік шараларын сақтап, жоғарғы жақтан берілген бұйрықтар мен талаптарды орындау.