Волонтерлер мұқтаж отбасыларға қол ұшын созды
Олар Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен Nur Otan партиясы бөлген қаражатқа азық-түлік және де гигиеналық заттарды сатып алып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін таратып жүр. Мұндай игі шара Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өтіп жатыр.
Сәуле Мамаева зейнет жасына жетсе де, жастар қатарлы мұқтаж жандарға көмектесуге кіріскен. Ақ жаулықты ана қысылтаяң шақта еріктілермен азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды жинастырып, мекенжайлар бойынша таратпақ.
Сәуле Мамаева, қайырымдылық қорының өкілі:
- Әр үйге жететіндей мынандай қалтаға салып таратамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Мен де өзімнің үлесімді қосайын дегент ниеттемін. Мынандай жағдай жүріп жатқан кезде үйде отыра алмадым.
Jas Otan жастар қанаты қолға алған игі іс осымен алтыншы күн жалғасып жатыр. Наурыздың 19-ы күні «Біз біргеміз» акциясы басталып, еркітілер мен белсенділер карантин жарияланған күннен бері көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созып, азық-түлік, тазалық заттарын тегін үлестіруде.
Жанат Чукеев, Jas Otan ЖҚ атқарушы хатшысы:
- Тұңғыш Президенттің фондынан 200 млн бөлінді. Сосын партия өз тарапынан 150 млн бөліп отыр. Соны бәрі Нұр-Сұлтан және Алматы қаласына тең бөлінді. Гигиеналық заттардың ішіне маска, антисептиктер, кір сабын, иіс сабын кіреді.
Мамандар ескерткен сақтық шаралары толығымен сақталуда. Еріктілер маска және қолғап киіп, мекенжайға келгеннің өзінде себеттерін қолға табыстамайды.
Сауабы мол мұндай игі іс Алматы қаласында да жүріп жатыр. Қос шаһарда волонтерлер 12 мыңнан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік пен гигиеналық заттарды тегін таратпақ.
Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев