Отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина жасап жатыр
Бұл жайында Ұлттық биотехнология орталығына барған Президентке орталықтың бас директоры Ерлан Раманқұлов айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биолог ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан ғылымының құзыретін арттыру үшін қажетті көмектің берілетінін айтты.
Елорданың сол жағалауында орналасқан Ұлттық биотехнология орталығының көлемі 29 000 шаршы метрден асады. Кешеннің 5 жеке ғимараты, озық технологиялы ғылыми құрал-жабдықтармен жарақталған 20 зертханасы бар. Қазір мұнда жұмыс қыза түскен. Аз уақыт ішінде мұндағы ғалымдар коронавирус ауруын жылдам анықтауға мүмкіндік беретін тест жүйесін жасап шығарды. Отандық тест жүйесі шетелдік аналогтарымен салыстыру кезінде жоғары сезімталдығын көрсеткен. Оны Президентке де таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев биолог ғалымдардың бұл еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ қазақстандық ғылымның беделін арттыру үшін мұндай жаңалықтардың маңызды екенін айта келе: «Қажетті көмек көрсетуге әрқашан әзірміз», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шын мәнінде бұл зертхана Қазақстан үшін бірегей саналады. Біз сіздердің ғылыми жұмыстарыңызға зор үміт артамыз. Қажетті көмек беріледі. Вирус пен оның таралуы биологиялық лабораториялардың, медициналық және санитарлық қызметтердің жұмыстарына мемлекеттің ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін көрсетті.
Енді бұл орталық Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, коронавирусқа қарсы вакцина жасау бойынша жұмысты бастады. Ал әзірге мемлекет қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Президент қазақстандықтарды тағы да карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төтенше комиссияның отырысында біз тиісті шешімдерді жарияладық. Ең басты мақсатымыз алдымызда тұрған шешімдерді тиімді, міндетті түрде іске асыруымыз керек. Біздің азаматтарымыз ең алдымен карантинді сақтауы керек. Бірақ дүрбелең тудырудың еш қажеті жоқ. Дүрбелең тудырған адамдар да жұқтырады. Сондықтан бәріміз бірге болып, оптимизммен болашаққа қарауымыз керек. Індет, вирус – өтпелі нәрсе. Бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан болашағымыз жарқын болады деп кәміл сенемін.
Екі қазақстандықтың коронавирустан құлан-таза айығып шыққаны хабарланды. Бұл – сөзсіз отандық медицинаның жеңісі. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа бұл індетті жұқтырғандарға барынша көмек көрсету қажеттігін баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауырып қалған адамдарды жақсылап емдеу керек, олар шетте қалмай, бәріміз қамқорлық жасауымыз керек. Олар – қоғамның бір бөлігі.
«Ешкім де мемлекеттің қамқорлығынан шет қалмайды», – деген Президент Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында айтылған ауқымды іс-қимылдардың жоспарына тағы да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ауқымды іс-қимылдар жоспары жарияланды. Ол бойынша халыққа, оның ішінде бизнес өкілдеріне қаржылай көмек беріледі. Салықтық жеңілдіктер мен кредит жүктемелерін төмендету шараларын есептемегенде, дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 10 млрд доллардан асады. Бұл – бұрын-соңды болмаған сома. Біздің алдымызда қазір осы қаражатты өте тиімді жұмсау міндеті тұр. Біз осы бағыт бойынша жұмыс істейміз. Жағдай бақылауда, азаматтар мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Бұл – біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы.
Елжан Біртановтың айтуынша коронавирусты жұқтырған үш науқас интенсивті терапия бөлімінде жатыр. Оның екеуі Нұр-Сұлтанда, біреуі Алматы қаласында. Айтуынша, Алматыдағы науқастың демалуы қиындаған.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Алматыдағы науқас қазір жасанды демалу аппаратына қосылды. Дегенмен телемедицина арқылы онлайн режимде біздің жетекші мамандар күнделікті консилиум өткізіп жатыр. Яғни жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Барлығы біздің бақылауымызда. Қажетті препараттар бар. Алматыдағы науқастан бөлек қалғандарының денсаулығы тұрақты.
Жалпы бұған дейін отандық ғылыми ұйымдар қысқа мерзім ішінде құс тұмауы мен доңыз тұмауына, нодулярлы дерматитке және бруцеллезге қарсы вакциналар әзірлеп шығарғанын айтқан жөн. Вакцинаның 28 түрі жасалып, диагностикалық тест жүйесінің технологиялары әзірленді. Оның кейбірі шетелге де шығарылады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев